Нақтырақ айтсақ, облыс әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Еркін Үйсімбаев жаңа әкім келгенге дейін қызметімен қош айтысып кеткен болатын. Тура бір ай өткенде, яғни қазан айының басында облыс әкімінің тағы бір орынбасары Ерболат Ибрайханов Су ресурстары және ирригация вице-министрі болып ауысып кетті де Қарашөкеев те енді екі орынбасар қалды. Астанаға ауысып кеткен орынбасардың креслосы да табандап төрт ай бос тұрды. Тек 2024 жылдың ақпан айынан бастап Ауылшаруашылығы министрінің орынбасары қызметін атқарып жүрген Әбілхайыр Тамабек туған жеріне туын тігіп, облыс әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды.
Енді міне, Ербол Қарашөкеевтің Жамбыл облысы әкімі қызметіне кіріскеніне бір жылға жақындады. Ия, нақтырақ айтсақ, қыркүйек айының басында тура бір жыл толады. Осы уақыт ішінде облыс әкімі өзінің идеология жөніндегі орынбасарын сол күйі тағайындай алмады. Тіпті, бұл креслоның бос тұрғаны Ербол Шырақпайұлының есінен де шығып кеткен сияқты.
Әрине, Жамбыл облысы әкімінің бір жыл ішіндегі жұмысы, жергілікті жұртпен қарым-қатынасы, қол жеткізген жетістігі, әкелген жаңалығы, қандай өзгеріс жасады, ол қандай нәтиже берді, бұл туралы алдағы мақалаларда кеңінен әңгіме бола жатар. Біз бүгін Қарашөкеевтің кадр мәселесіне тоқталсақ деп едік.
Бірден айту керек, Ербол Қарашөкеев кадр мәселесін тым қатты ойланып, басшы тағайындауды тым ұзаққа созатынымен ерекшеленді. Шынында бір жыл ішінде бір орынбасарын тағайындай алмау деген бұл өңірде бұрын-соңды болмаған жағдай. Бұл Қарашөкеевтің әлсіздігін білдіре ме, жоқ әлде шынында өңірде кадр тапшылығы шегіне жеткен бе? Әрине, тез шешім қабылдап, жұмысты өз деңгейінде атқару үшін креслосы босаған басшының орнына жаңасын табу, тез арада тағайындау өте маңызды іс екенін, лауазымды қызметтің ұзақ уақыт бос тұруы берекесіздікке әкелетінін облыс әкімінің білмеуі мүмкін емес. Бірақ неге екенін қайдам, Ербол Шырақпайұлы кадр тағайындау мәселесіне тым селсоқ қарады.
Әкімнің идеология жөніндегі орынбасары… Идеология – бұл үлкен күш, үлкен армия, үлкен насихат, үлкен илеу. Облыстың экономика, ауылшаруашылығы, кез-келген саласындағы жетістікті көрсете білу, халыққа жеткізе білу де – идеология. Сол жетістікті көріп, халықтың болашаққа деген сенімі артады. Идеолог болу үшін тек сұлу сөйлеу аздық етеді. Идеология саласындағы орынбасарлар көбінесе білім, медицина, спорт және халықты еңбекпен қамту, әлеуметтік мәселелер бойынша жетекшілік етеді. Басқа саланың жетекшілері, мысалы, әкімнің экономика жөніндегі орынбасары шотын қағып, ауылшаруашылығы жөніндегісі малын санап, құрылысшысы кірпішін қалап, тасада жүре беруі мүмкін. Ал, идеология жөніндегі орынбасарға тиесілі міндетінен де артылар жүк көп, ол қашанда елдің көз алдында жүруі керек.
Жалпы Жамбыл облысының идеологиясы дегенде Ғайникен Бибатырова, Мейрамбек Төлепберген, Ерқанат Манжуов, Сұлушаш Құрманбековалар еске түседі. Тіпті сонау 90-шы жылдардың соңында Жамбыл идеологиясына Бақытжан Сағынтаев та жетекшілік еткен. Былайша айтқанда кешегі күнге дейін идеологияның жап-жақсы-ақ мектебі бар еді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев идеология саласында көптеген қателіктерге жол берілгенін Қаңтар оқиғасынан кейін айтқан болатын. Міне, бір жылдан асты, Жамбыл облысында бас идеолог жоқ. Облыс әкімінің идеология жөніндегі орынбасары жоқ болғандықтан бұл саланың тірлігін әр орынбасар бөліп-бөліп ала салған. Денсаулық пен білім — облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеровте болса, спорт тағы бір орынбасары Әбілхайыр Тамабекке беріліп, ауылшаруашылығы саласымен қосақталып жүр. Ішкі саясат, мәдениет салалары облыс әкімі аппаратының жетекшісіне тапсырылған.
Осылайша «Жамбылға идеология жөніндегі орынбасар әні келе жатыр, міне келе жатыр» деумен жергілікті жұрт бір жылды да артта қалдырды. О баста жамбылдықтар «кім келе жатыр екен?» деген мәселеге қызығушы еді, соңғы кездері «кім болса да тезірек келсе екен» деп қолды бір сілтейтін болды. Тіпті Қарашөкеевтің бұл мәселеде тым жайбарақаттығын көріп, сол орынбасардың тағайындалатынына да күмән келтіре бастағандай…
Айтпақшы, идеология жөніндегі орынбасар креслосына үміткерлер қатарында бұрын Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы қызметін атқарған Алмас Садубаев пен Үкіметте тәп-тәуір қызметтер атқарған Қуат Бораштың есімдері аталғаны рас. Облыс әкімінің қазіргі аппарат жетекшісі Лесбек Ілебаев та осы тізімде жүр. Және облыстық ішкі саясат басқармасының қазіргі басшысы Ұлана Сламбекқызын да бір сарапшылар осы орынға лайықты үміткер ретінде көріп жатты.
Ербол Қарашөкеев бір жылдан бері орынбасарын тағайындай алмай, созып жүргенде басқа облыстар идеология саласына жауап беретін орынбасарларды қайта тағайындауды бастап та жіберді. Жақында Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев идеология жөніндегі орынбасарын жаңартып, бұл қызметке Әлібек Әлденей тағайындалды. Жаңа орынбасар білім, ішкі саясат, тілдерді дамыту, жастар саясаты, дін, мәдениет және спорт саласына жетекшілік етеді. Сондай-ақ жақында Түркістан облысы әкімінің орынбасары болып Ертай Алтаев тағайындалды. Ал бұл облыста әкімнің идеология жөніндегі орынбасары бар болатын. Осы тағайындаудан кейін бұған дейін идеологияға тиесілі боп келген салалар екіге бөлініп, мәдениет, спорт, жастар, дін, тіл, ішкі саясат саласы бір қолға, ал білім, денсаулық, әлеуметтік салалар тағы бір қолға топтасып отыр. Яғни, облыс әкімдерінің идеология жөніндегі бір орынбасары енді екеу болып отыр деген сөз.
Дәл осылайша Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Абай облыстары мен Алматы қаласында идеология жөніндегі жаңа орынбасарлар тағайындалды. Басқа өңірлер бір орынбасарды екеу етіп жатқанда Жамбыл облысында бір орынбасардың өзін тағайындау қияметтің қияметіне айналып тұр.
Идеология саласы екіге бөлініп, екеуіне екі орынбасар тағайындалатыны туралы әңгіме бұған дейін Жамбыл облыстық әкімдігінде де сөз болған. Облыс әкімінің өзі қатысқан үлкен жиында Астанадан екі орынбасардың келе жатқаны, дәл қазір Ақорданың сүзгісінен өтіп жатқаны әңгіме арасында елеусіз ғана айтылған болатын.
Бірақ басқа-басқа Ербол Қарашөкеев таңдаған кадрлардың Ақорданың келісімін алуы Рейхстагты алғаннан да қиынға түсіп тұрғандай. Осыдан кейін ел ішінде «Қарашөкеев ұсынған кадрлар астананың келісімін ала алмапты, солар мақұлдамапты» деген әңгіме өршіп тұрғаны да рас.
Міне, Ербол Шырақпайұлының бос орындарға басшы тағайындауды тым ұзаққа созуының да бір себебі осында жатқандай.
Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысына әкім болып тағайындалғалы бері кадрларды сапырылыстырып, бас-көз жоқ ауыстыра беруге құмар болған жоқ. Келген бетте бір басқарманың басшысын екіншісіне ауыстырды. Рас, 2023 жылдың жұмысын қорытындылаған кезде Қордай мен Меркі аудандары әкімдерінің жұмысын қатты сынап, екі аудан әкімін жардың шетіне тақап қойған. Бірақ «Жақсының ашуы шайы орамал кепкенше» дегендей өте қаһарлы көрінген облыс әкімінің ашуы артынша-ақ басылды. Қос ауданның әкімі де жұмыстарын әлі күнге жалғастырып келеді. Аудандардың ішінде тек Мойынқұм ауданының әкімі ғана қызметімен қош айтысты.
Міне, сол Мойынқұм ауданы әкімінің креслосының бос тұрғанына да үш айға жақындады. Ел жаңа әкімді күте-күте шаршады. Бұл туралы оқыңыз: https://jasyn.kz/mojynqymga-kim-akim-bolyp-barady/
Одан бөлек Жамбыл облыстық энергетика және тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы қызметін атқарған Құдайберген Қорғанбаев 2023 жылдың қараша айында астанаға басқа қызметке ауысып кетті. Сол басқарма басшысының орны 8 ай бос тұрды. Ақыры биылғы жылдың маусым айында Ғалым Исақов тағайындалды.
Дәл осылайша Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы қызметін атқарған Мейірхан Өмірбеков 2023 жылдың 26 желтоқсанында қызметінен босады. Бұл басқармаға жаңа басшы болып Рауан Садырқұлов 5 наурыз күні тағайындалды. Сонда бұл орын үш ай бос тұрды деген сөз.
Енді Байзақ ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов зейнеткерлік жасқа толғандықтан қызметімен қош айтысып жатыр. Аудан әкімінің бұл креслосы енді қанша уақыт бос тұрар екен?
Өткен аптадан бері Ербол Қарашөкеев қысқа мерзімді демалысқа шықты. Демалыста құр жатпай кадр саясатын жеделдету мәселесін ойластырып жатыр ма, жоқ әлде басшы тағайындаудың тым ұзаққа созылуы ары қарай жалғаса бере ме, оны енді уақыт көрсетеді.
Қалай айтсақ та бір жылда бір орынбасарын тағайындай алмаған облыс әкімінен не күтуге болады? Босаған орынға басшы тағайындау процесі неге тым ұзаққа созылады? Кінә Қарашөкеевте ме, әлде Ақордада ма?
Фото: Kapital.kz