Қазақта “Елде болса ерінге тиеді” деген нақыл бар ғой. Сол елге болсын дейтін азаматтардың бірегейі – белгілі кәсіпкер, меценат Серікжан Сейітжанов. Атымтай Жомарт атанған Серікжан Сейітжанұлы туралы ел ішінде әңгіме көп. Мемлекет тарапынан “Құрмет” орденімен марапатталған азаматтың есімі сыртқы елдерге де мәлім. Ресейдің “Звезда содружества” орденіне ие болған Серікжан Сейітжановтың меценаттығы “Алтын жүрек”, “Парыз” қайырымдылық қорлары тарапынан лайықты бағаланды.
Республикадағы мұнай-газ өнеркәсібі мен әлеуметтік инфрақұрылымдағы жігерлі еңбегі, мардымды жеке үлестері үшін Серікжан Сейітжанұлы бұған дейін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталып, «Білім саласы меценаты — 2008» және «Алтын Жүрек» сыйлығына ие болған.
2023 жылы Серікжан Сейітжанұлы басқаратын «Саутс-Ойл» компаниясы өзінің корпоративтік жауапкершілігін дамытуда тағы бір сатыға көтерілді. Осы жылы «Серікжан Сейтжанов атындағы қоғамдық-қайырымдылық қоры» құрылды. Қордың қоғамдық мақсаттарына халықтың аз қамтылған топтарын әлеуметтік қолдау және қорғау, білім беру, медицина, ғылым, мәдениет және рухани даму, дене шынықтыру және бұқаралық спорт саласындағы қызметке жәрдемдесу кіреді. Сондай-ақ, білім беру және әлеуметтік бағдарламаларға инвестиция салу арқылы адамдардың өмір сүру сапасына оң әсер ететін және елдің саналы азаматтарының ұрпағын қалыптастыруға ықпал ететін ұзақ мерзімді өзгерістерді қамтамасыз ету.
Серікжан Сейтжановтың тапсырысымен халық игілігі үшін елімізде бірнеше мешіт салынды. «Саутс-Ойл» компаниясы Түркістан облысы, Отырар ауданы Шілік ауылында мектеп және балабақша, Таскен ауылында мектеп, Қызылордада «Нұрсат» теннис орталығы және «Ақмешіт» мәдени-сауықтыру орталығы, Қамыстыбас көлінде шипажай, Шымкентте «Қос ана» бөбекжай-балабақшасын салды.
Және «Саутс-Ойл» компаниясы Түркістан облыстық мүгедектер қоғамына, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына және түрлі спорттық федерациялар мен қайырымдылық қорларына үнемі демеушілік танытып келеді.
Әрине, «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген, кісі баласының жақсы тірлігін жар салып, жарнамалаған да дұрыс шығар. Әйтсе де, бүгінгі жас ұрпақ байлықтың бірден құралмайтынын, ол үшін үлкен ақыл, еңбек, білім, шыдам, қанағат керек екенін жадына түйіп өссе екен деген ой маза бермейді.
Бірден айту керек, Сейітжановтар әулетін бүкіл ел біледі десе де болады. Әсіресе, Оңтүстік жақта… Шынында Шымкент жақтың «шайында» осы елдің кәсіпкерлігі, өнеркәсібі, білім, құрылыс саласы, әкімшілікте болып жатқан ауыс-түйіс, ең соңы нағыз нарқасқа, жомарт жігіттер туралы сөз бола қалса, онда ол әңгімеде бір әке-шешенің бауырынан тараған ағайынды Керімжан Сейітжанов, Серікжан Сейітжанов, Әлімжан Құртаев, Әділжан Құртаевты айналып өту мүмкін емес.
Сейітжановтар әулеті бизнесті өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында бастады. Бұл кез жасыратыны жоқ, базарда қап арқалаған ағайынға «алыпсатар» деп аларып қарайтын, «бір жалақыдан басқа табыс көзі болуы мүмкін емес» деген сенімге қатып қалған заман болатын. Сол тоқсаныншы жылдардың ортасында «Оңтүстік» ЖАҚ-ы арқылы осы Сейітжановтардың есімдері ел арасына таралып, ағайындылар іскерлігімен ерекшелене бастады.
Ағайынды төрт жігітпен кездесіп, бас қосқандағы әңгімеміз ә дегеннен-ақ қызу арнаға түсті. «Осынау бизнес жолы қалай, қай жерден бастау алды? Қандай қиындықтар кездесті? Қандай ой түйдіңіздер, қандай тоқтамға келдіңіздер? Осындай дәрежеге қалай жеттіңіздер?» Әрине, ағайынды жігіттерді бір-бірінен бөліп қарай алмайсың, бәрі еңбекқор, білімді. Үшеуі техника ғылымдарының докторы. Бірақ, қалай қарасаң да төртеуінің ішінде Серікжан аға өз алдына бір төбе, әйгілі ертегідегі Ерназардың Төстігі сияқты ерекшеленіп тұратынын жасырып қайтеміз.
— Өмірде талай қиындық көрдік қой. Бірақ, соның екеуі өмірі есімнен кетпейді, — деп бастады әңгімесін Керімжан аға. — Алғашқысы жас кезімізде біз өскен Шілік ауылында үлкен су тасқыны болып, елдімекендегі барлық үйлер қирады. Жұрт жиған-тергенінен, дүниесінен айырылды. Қазір ғой, табиғи апаттан үйі қираса, мемлекетке қол жайып, қашан көмек ақшасын алғанша қада да қақпайды, кірпіш те қаламайды. Ол кезде елде ондай әдет жоқ. Әлі есімде, бауырларымыз бәріміз жанталасып жүріп кірпіш құйып, қамыс орып, әйтеуір, қазан айының ортасында үй салып бітірдік. Сол жолы жас болсам да «суық түскенше баспананы бітіре алмай қаламыз ба, суықта қалған үйдегілердің жағдайы не болады?» деп қорыққаным және ешкімге алақан жаймай-ақ еңбек еткен жан далада қалмайды екен-ау деп ой түйгенім есімде. Екінші, қатты қиналған кезіміз, 1969 жылы әкеміз қайтыс болды. Соғыс салған жара ақыры алып тынды. Інім екеуіміз студентпіз, сол жылы ең кішкентай қарындасым үш, інім — осы Әділжан жеті жаста еді. Жалпы әкеміз Сейітжан бізді жастайымыздан еңбекке баулып өсірді. Әкеміз қайтыс болғаннан кейін осы іні-қарындастарымның бәрі өз киімдерін өздері тауып, анамызға ауырлық салмай, қайта қолғабыс бола білді. Ол кезде мың кірпіш құйсаң, 18 сом ақша төлейтін. Анамыз 14 құрсақ көтерген. Соның 11-і үйлі-жайлы болдық, тек Мәлікжан деген інім 49 жасында ауыр науқастан қайтыс болып кетті.
Гүлнар, Анаржан, Серікжан, Әлімжан бауырларым бала күнінен елдің кірпішін құйып, одан кеңшардың жұмысын істеп, тірлікке әбден пісіп өсті. Менің мұның бәрін айтып отырғаным, менің бауырларымды бизнеске өмірдің өзі дайындады. Бір Алла, сосын ата-анамыздың тәрбиесі осы дәрежеге жеткізді. Бір кездері Есжан атама бақ қонып, мыңдаған қойы, жайылымы болған екен. Сол бақ осы Серікжанға да қонды. Жастайынан бар мен жоқтың қадірін біліп, еңбекпен есейген олар еліміз тәуелсіздік алып, кәсіпкерлік саласына кең жол ашылғанда шаруаларын бірден игеріп кетті. Бүгінде олар бірнеше бизнес саласы бойынша үлкен табыстарға қол жеткізді. Өзім ұстаздық еттім. Әкем де ұстаз болған. Абыроймен зейнеткерлікке шығып, бала-шағамның, немерелерімнің қызығына тоймай жүргенде Серікжан «Аға, өстіп жата бересіз бе? Денсаулығыңыз бар, өмірлік тәжірибеңіз бар, жұмыс істемейсіз бе, жастарға жол көрсетпейсіз бе, бүгінгі заманға қажет маман даярламайсыз ба?» деп оқу орнын ашуды ұсынды. Алғашқыда жүрексіндік. Бірақ, уақыт өте келе қолға алған тірлігіміздің дұрыс, болашағы зор екеніне көз жеткіздік. Сөйтіп 2011 жылы Шымкент қаласынан инновациялық технологиялық колледж аштық. Сол жылдары Елбасы Н. Назарбаевтың Астана, Атырау, Шымкент қалаларынан осындай колледж ашу туралы тапсырмасы болған-ды. Ашылған колледжіміздің деңгейі өте жоғары, барлық талапқа сай. Сөйтіп өмір айналдырып әкемнің ұстаздық жолына салып, еңбектің қызу қазанына қойып кеттім, айналайын.
… Иә, бизнес бірден басталып, бірден даңғыл жолға түсіп кетпейді. Бизнес деген тек ақша жұмсап, содан нәтиже күту, пайдаға батып қалу емес. Бұл да бір жұмбақ ғылым. Зерттемей, сырын білмей, түбіне үңілмей бір қадам жасасаң, ойламаған жерден опық жеп, он қадам кейін шегінуің мүмкін. Меніңше, Серікжан Сейітжанов қолға алған бизнес бір-бірімен тығыз байланысты. Тіпті бір-бірінің етегін басып, бірі тұсауын кесіп, тәй-тәй басқан соң, екіншісі соған қажет болған сияқты. «Стандарт цемент» зауыты, «Оңтүстік құрылыс сервис», темір бетон бұйымдары зауыты. Мұнай кеніштерін бұрғылайтын «Смарт строй», «Саутс ойл» компаниялары. Мұның бәрі әбден ойластырылған, әбден зерттелген, жеті рет өлшеніп, бір рет пішілген дүние екені байқалып тұр. Біз мұны ағаның өз әңгімесінен де байқадық.
— 1992 жылы бірінші рет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге Америкаға сапарлап бардық, — дейді Серікжан аға. — Нұрсұлтан Әбішұлы «Көріңдер, біліңдер, бұл өте ауқатты ел, болашақта Қазақстанның осындай ел болуы үшін сендер қызмет жасауларың керек» дегені кәсіпкер жігіттерге қанат бітірді. Әрине, бизнесті аяқтан тұрғызып кету өте ауыр болды. Бірақ, Елбасы жаңадан қанат жайып жатқан бұл салаға көп жеңілдіктер жасады. 2006 жылы еліміздегі көшбасшы 30 кәсіпорынның қатарына мен құрылтайшылық ететін «Стандарт-цемент» зауытының жобасы да кірді. Ол кезде зауыттың атауы «Юг цемент» болатын. Содан жаңа технология, қалталы инвестиция іздеу үшін жан-жаққа кеттік. Қытайға барып, Тяньзин цемент өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтымен ақылдасып, олардың бізге сенім білдіргені болар, арада бірнеше келісім-шарт жасастық. Сөйтіп 2007 жылдың аяғында келісімге қол қойып, келесі жылы Қытайдың берген инвестициясы Қазақстанға келді. 2009 жылдың сәуір айында зауыттың құрылысы басталып, 2011 жылдан бері зауыт толық қуатында жұмыс істеп тұр. Қазақстандағы қазіргі ең сапалы, яғни, 400-500 маркалы цемент шығарады.
Ал, енді зауытты іске қостық. Енді оның жұмысын алға бастыратын білікті мамандар керек болды. Зауыттағы қазақ жастарының Қытай мамандарына алаңдап, «мынау не, анау не, анау неге ондай болды?» деп сұрай беруге мәжбүр болатыны, оларсыз ешқандай тірлікте тырп ете алмайтыны мені қатты ойландырды. Содан жер-жерден іздеп, 60 жасты таңдап алып, Қытайға оқуға жібердік. Сол 60 бала бүгінде зауыттың басшылары болып жұмыс істеп жатыр. Осыдан барып кәсіпорындарымызға жақсы мамандар дайындау үшін арнайы колледж ашу идеясы туындады.
2000 жылдан бастап мұнай саласында бағымызды сынап көрдік. Шын ниетпен, жан-тәніңмен кіріссең алынбайтын қамал жоқ қой. Қызылорда облысында мұнай бұрғылау, барлау жасау бойынша біздің «Саутс ойл» компаниясы өзінің көлемі, қуаттылығы жағынан алдыңғы қатарда. Үкіметтің газды өңдеу, сол арқылы сапалы өнім шығару туралы тапсырмасы бар. Соған байланысты газды өңдеп, бензин, пропан, бутан алып отырмыз. Одан бөлек Жамбыл химия өнеркәсібін қайтадан қалпына келтіру мақсатында Қаратау қаласында үлкен зауыт салдық. Натрий цианидін өндіретін бұл кәсіпорын еліміздегі ең алғашқы, ең жаңа заманауи технологияларға негізделген, толықтай автоматтандырылған, тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істейтін зауыт.
…Мінез – еңбекпен келеді, еңбекпен қалыптасады. Жалпы біз әңгіме етіп отырған ағайынды жігіттердің әрқайсысының өз мінезі бар. Әйтсе де өте сабырлы, кішіпейіл, сыпайы, мәдениетті жігіттердің жүзіне қарап отырып, білімді, өмір көрген, сол өмірден түйгені, көкейіне тоқығаны көп екенін байқайсыз. «Еңбек – мәдениеттің негізі» деген осы шығар, бәлкім. Асып тасу, мақтаншақтық деген атымен жоқ.
Мемлекеттік қызмет пен кәсіпкерлікті тел емгендіктен бе, әсіресе, Әлімжан аға ашық мінезді екен. Ел оны ақынжанды әкім деп бекер айтпаған көрінеді. Жалпы Әлімжан Құртаев әкім болып елге ерте танылды. Бірнеше ауданның әкімі, облыс әкімінің орынбасары, басқарма бастығы, Агенттік төрайымының орынбасары қызметтерін атқарды. Қазақстан Республикасы Парламенті сенатының депутаты болып сайланып, халықтың сенімін арқалады. Кәсіпкерлікпен де айналысып, «Оңтүстік құрылыс сервис» ЖШС-ін басқарды. Бұл мекеме де құрылыс саласында көптеген оң тірліктер атқарды. «Бизнесте ең бастысы білім болуы керек. Мамандығым құрылысшы болғандықтан бұл саланың ұңғыл-шұңғылын бір кісідей білеміз. Білгеннен кейін бизнесті осы саладан бастадық. Қазір, Құдайға шүкір, біздің елде еңбек етемін деген адамға барлық жағдай жасалған. Жалпы есептеп отырсам, біздің отбасы, яғни, ағаларым өз бизнестері арқылы 5 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр екен. Бұл әрине, үлкен еңбек, үлкен жұмыс» дейді Әлімжан Құртаев.
Бірақ, шынын айту керек, Әлімжанға кәсіпкер болғаннан гөрі әкім болған жарасатын сияқты. Бұл бәлкім, оның елге биік мәдениетті, биік рухты, көркем мінезді басшы ретінде танылып, әкім ретінде көп игі тірлікті тындырғандығынан да болар.
Ал, Әділжан туралы әңгіме бөлек. Қарашаңыраққа ие болып қалған Әділжан үйдің кенжесі, еркесі, сөзі өтімді, ағаларына айтқанын істетеді.
«Бір кездері біздің ауылда «Шілік» мал бордақылау совхозы болған. Мен сол совхоздың директоры да болдым. Одан кейін ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында ауылда біраз ағайынмен бірігіп, шаруа қожалығын ашқанбыз. Суармалы жер бар, егін егеміз. Біздің ауылдағы ағайындардың ең басты еңбегі, тіпті ерлігі десе де болатын шығар — қойдың ақ қаракөл тұқымын сақтап қалуы дер едім. Бұл асылтұқымды мал облыстағы қаракөл зерттеу институтының елу жыл бойғы зерттеген еңбегі болатын. Осыншама жыл ізденістен кейін олар аппақ қаракөлді шығарған. Совхоз тараған кезде соның 300 басын алып қалдық. Сөйтіп, қазір оны бірнеше мың басқа жеткіздік. Әрине, қазіргі жағдайда көп те емес шығар. Бірақ, ең бастысы асылтұқымды малды сақтап қалдық. Мен осыған қуанамын. Ал, енді оны ары қарай бизнеске айналдыру үшін көп еңбек ету керек. Оны да ойластырып жатырмыз. Біз құрған «Жансая» шаруа қожалығында ағайындардың біразы еңбек етеді, осы шаруашылықтың арқасында нәпақасын айырып отыр» деп ағынан жарылды Әділжан Құртаев.
Айтпақшы Түркістан жаңадан өз алдына облыс болып бөлініп, өз алдына отау тіккенде Серікжан Сейітжанов көне қалада құрылыс жұмысының қарқын алуына зор үлес қосты. Түркістан тарихи және мәдени мұраға, ескерткіштерге бай. Мұндай жерлерге туристердің ағылып келетіні сөзсіз. Сол себепті туристік инфрақұрылымды барынша жақсартуға тырысу керек. Бұдан бөлек, шетелдік қонақтарды дұрыс қарсы алу үшін сапалы қызмет көрсетілуі тиіс. Осы орайда Түркістанда жоғары деңгейлі қонақүйдің маңызы зор еді. Қалада туристер емін-еркін жүріп-тұра алатын болса, туристердің саны да арта түсетіні анық.
Міне, С. Сейітжанов көне қалада туризмнің дамуы үшін нақты қадамдар жасап, 120 орынға арналған отель, нақтырақ айтсақ, «Риксос» қонақ үйін салды. Бүгінде Ер Түріктің бесігі атанған, тарихы терең Түркістан қаласына келушілердің сұраныстарына сай қызмет етіп жатқан қонақ үйдің мейрамхана, SPA салондар мен 1200 орынға арналған конференц залы бар. Бүгінде Түркістан қаласындағы ең көрікті ғимараттардың бірі әрі туристерге қонақжайлылық танытып, жағдайын жасау мәселесінде үлкен орны бар қонақ үйдің бірі.
«Адамның еркі мен еңбегі, тындырар небір кереметтерді» деген екен бір ақын. Шынында кез-келген даңққа жеткізетін жол еңбекпен салынады. Ендеше «Берекені көктен тілеме, еткен еңбектен тіле» деген дана Абайдың айтқанын іс жүзінде дәлелдеп отырған Сейітжановтар әулетінің бүгінгі тірлігі әрбір қазақ баласына үлгі-өнеге болатыны сөзсіз.
Фото: Подари шанс, Kapital.kz, Invest in Shymkent-Kazakh Invest, Rixos