Сондай-ақ Жастар ресурстық орталығына барса мамандар кәсіп бастауға бағыт-бағдар сілтейді. Тіпті тегін гранттық конкурсқа қатысқысы келсе бизнес жоспарды жасауға да көмектерін береді. Осындай жолмен грант ұтып алып, кейін шағын кәсіпкерліктен орта бизнес субъектісіне айналған жас кәсіпкерлер аудандарда жетерлік. Солардың жүріп өткен жолдары көп жастарға мотивация бола алады.
Мысалыға табиғи ресурстарға бай Түлкібас ауданында кәсіп бастап, Үкіметтен қолдау көргендердің қатарында жастар да баршылық. Солардың бірі — Оразбек Сүлеймен. Армандаған жобасын жүзеге асырған жас кәсіпкер мемлекеттен 6 миллион теңге жеңілдетілген несие алған. Бұл қаржыға 90 бас қазақы және еділбай тұқымды қой алып, түлік түлетуде. Бүгінде жас кәсіпкер уақ мал санын әлдеқайда көбейткен.
— Бұл кәсіпті аудандағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының мамандарының бағыт-бағдарымен, көмегімен бастадым. Мемлекеттен бөлінетін жеңілдетілген несиені алуыма солар себеп болды. Бүгінде кәсібім өрге домалап, ойдағыдай жүзеге асып келеді, — дейді Оразбек Сүлеймен.
Иә, шынында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында қолға алынған кәсіп ашуға берілетін несие жас толқынға үлкен демеу болып тұр. Жобаның ең бірінші көксегені жастар арасында кәсіпкерлер қатарын арттыру екені белгілі.
Жалпы алғанда Түркістан өңірінде 2024 жылы 621 жасқа 2,5 пайыздық шағын несие беру жоспарлануда. Жобаларды қаржыландыруға 3,1 млрд. теңге қарастырылып отыр. 2023 жылы түркістандық жас кәсіпкерлердің бизнес-жоспарларын қолдауға 2,9 млрд. теңге бөлініп, өз кәсібін ашуға ниетті 1 мыңға жуық үміткерден өтініш келіп түскен болатын. Облыс әкімінің Қаулысымен құрылған конкурстық комиссияда бизнес-идеялар қаралды.
Нәтижесінде өткен жылы 625 үміткердің бизнес-жобасы мақұлданып, қаражат толығымен игерілді. Жеңілдетілген шағын несие алып, кәсібін бастаған жастардың басым бөлігі мал шаруашылығы, егін шаруашылығы, наубайхана мен кондитерлік өнімдер шығару, жеңіл өнеркәсіп, сауда, қызмет көрсету, көлік және құрылыс салаларын қамтыды.
Тұрғындары кәсіп жасауға бір табан жақын Сарыағаш ауданында осы мүмкіндікті пайдаланып, төмен пайызбен несие алу арқылы бизнесін дөңгелетіп отырған жастар жетерлік. «Жұмыс жоқ» деп үкіметке алақан жаюдан ада жастар бизнес идеяларын жүзеге асырып, көпке үлгі болып отыр. Өзін де өзгені де жұмыспен қамтып отыр.
Сала мамандарының айтуынша 2,5 пайыздық жастарға арналған шағын несие бойынша Сарыағаш ауданында былтырғы жылға 30 азаматқа (отыз бес жасқа дейінгі жастарға) шағын несие беру жоспарланған болса 2023 жылы 117 адам шағын несие туралы консультация алып, оның ішінде 70 азаматтың 330,4 миллион теңгеге жүк көлігі және ірі қара малды өсіру бизнес жоспары облыстық комиссияда мақұлданған. Ал биылғы жылы отыз бес жасқа дейінгі жастарға 39 азаматқа шағын несие беру жоспарланған.
Мемлекеттің қолдауымен кәсіп ашқан сарыағаштық жас тұрғынның бірі — Бағлан Тәңірбергенов. Өткен жылы өз кәсібін одан әрі дамыту мақсатында «Стоматологиялық кабинетке қажетті жабдықтар сатып алу» жобасымен “Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған» ұлттық жоба шеңберінде іске асырылатын 2,5 пайыз жеңілдетілген несиені жеңіп алған. Кәсібін жабдықтандырған Бағлан талапқа сай тіс емханасында жұмыс істеп, отбасын асырауда әрі кәсібін жүргізуде.
Міне, осындай қарапайым ауыл жастарының еңбегіне риза боласың. Ауылда отырып-ақ, кәсібін дөңгелетуге, адал еңбек етуге бел буған азаматтардың бұл тірліктері көп жастарға үлгі болса керек.
Жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беру, олардың тұрақты кәсіп табуына көмектесу қажеттігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында айтқан болатын.
«Жастарға қатысты келесі мәселе – жұмыспен қамту. Бұл, әсіресе, өңірлерде аса өзекті. Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бірақ жастардың көбі сол шаралар туралы білмейді. Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз. Бұл мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту мәселесімен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет. Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз»,– деген болатын Президент.
Мақтаарал ауданы Мырзакент кентінің тұрғыны Құрманбеков Серік мемлекеттен беріліп жатқан қайтарымсыз грантқа қатысып, өз бизнес жобасын қорғап 2,5 пайыз несиенің жеңімпазы атанып, “Шаштараз” салонын ашып, өз кәсібін дамытуда.
Мырзакент тұрғындарына қызмет жасап жатқан жас кәсіпкер, қазіргі таңда қол астында 2 адамды жұмыспен қамтып отыр. Серік мырза алдағы уақытта алға қойған мақсаттарына жету үшін жаңа бизнес идеяларды іске асыру мақсатында бірнеше жоспарлар жасап жатқанын атап өтті. Жастарға мемлекеттен беріліп жатқан мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып жұмыс істеуге шақырды.
Осы тұста айта кету керек, ылғи біреуге арқа сүйеп, соған сүйеніп, соның жетегімен өскен жастан келе-келе әлсіз адам шығатыны белгілі. Өзіне-өзі сенімді, жан-жағына тәуелді емес жас ұрпақ — өзінің бақытын өзі жасайтын болады. Ендеше бүгінгі таңда Түркістан облысында кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп, кәсіпкерлік саласының дамуына өз үлестерін қосып отырған жастардың көп болғаны қуантады. Жас та болса кәсіпкер атанып, табыс тауып отырған жастар көпке үлгі.
Жалпы алғанда Түркістан облысында бүгінде 14-35 жас аралығында 663 мыңнан астам жас тұрып жатыр. Бұл өңірдегі жалпы халық санының 30 пайызын құрайды. Жұмыссыз жастарды, оның ішіндегі NEET санатындағылардың арасында жұмыссыздықты азайтуға бағытталған 12 мемлекеттік бағдарлама жұмыс істейді. Мақсаты – 40 863 адамды жұмыспен қамту. Нәтиже де жоқ емес. Биыл 6 айда 10 008 жас осы бағдарламаларға тартылған. Барлығы 169 918 жасқа мамандар кеңес беріпті.
Фото: Inbusiness.kz