Әйтсе де Жамбыл облысының шаруалары соңғы кездері автогаз тапшылығын қатты сезініп отырғандарын айтып шағымдануда. Әсіресе, аудандардағы жанармай құю бекеттерінде автогаз мүлдем жоқ. Барының өзінің бағасы қымбат. Ал астық таситын көліктердің көбісі газ қондырғысымен жабдықталған. «Бұл тапшылықты егін ору науқаны кезінде әдейі қолдан ұйымдастырып отырған жоқ па?» деген қауіп айтады жамбылдық шаруалар.
Біз бұл жөнінде Жамбыл облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасымен байланысқан едік. Олардың жауабы төмендегідей болды:
Облыс көлемінде 29 газ желісі ұйымы бар, 217 автогаз құю бекеттері арқылы сұйытылған мұнай газы сатылады. Бүгінгі күні Тараз қаласында кейбір автогаз құю бекеттерінде сұйытылған мұнай газын «лимитпен» немесе талонмен сату байқалады.
ҚР Энергетика министрлігі тарапынан Жамбыл облысына 2024 жылдың маусым айына 5 630 тонна сұйытылған мұнай газы бөлінді (оның ішінде: «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ — 2 885 тонна, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС — 2 745 тонна).
Облыста газ қондырғысымен жабдықталған көліктердің саны артып, олардың саны 29 437 тіркелген.
Бүгінгі жағдайда Жамбыл облысы үшін қажеттілік 8 000 — 8 500 тоннаны құрайды.
Қазіргі таңда облысымызға 26 вагон-цистернада 936 тонна сұйытылған мұнай газы теміржолмен жөнетілді. Оның ішінде 2 вагон-цистерна 72 тонна газ Тараз қаласындағы станцияға келді, бұл вагондар жақын уақытта жеткізіліп, жанар-жағармай құю станциялары арасында толыққанды бөлінеді.
Облыста 280 тонна сұйытылған мұнай газы қалдығы бар.
Осы орайда, өндіруші зауыттан сұйытылған мұнай газын жөнелтуді жеделдету қажет.
Бұдан бөлек, ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап ҚР Энергетика министрінің 2024 жылғы 26 маусымдағы №233 бұйрығына сәйкес, Тараз қаласы мен оған жақын аудандардағы автогаз толтыру бекеттерінде сұйытылған мұнай газының 1 литр үшін бағасы 78 теңге, алшақ орналасқан (200 шақырымнан асатын) бекеттерде 83 теңгені құрады.
Бұл мәселе үнемі басқарманың бақылауында.
Дегенменде басқарма мамандары автогаз тапшылығын сәтті пайдаланып, кейбір жанармай бекеттері бағаны қолдан өсіруі мүмкін екендігін де жоққа шығармайды.
Фото: Kursiv.kz