Аудиторлық іс-шарасы шеңберінде жалпы сомасы 3 798 707,0 мың теңгеге бұзушылықтар және 9 бірлік рәсімдік бұзушылықтар анықталған.
Жамбыл облыстық мәслихаты тұрақты комиссиясының отырысында баяндама жасаған Тексеру комиссиясының мүшесі Асылхан Шаймерденовтың айтуына қарағанда 2020 жылдың 24-шілдесінде «Тараз» ӘКК» АҚ Директорлар кеңесі отырысының N13 хаттамасымен «Тараз» ӘКК» АҚ мен «Агромаш Холдинг БК» ЖШС бірлесіп «Тараз» сервистік-өндірістік орталығы» бірлескен кәсіпорын құру жобасын мақұлдаған.
2020 жылдың 5-қазанында «Агромаш Холдинг БК» ЖШС 25 500,0 мың (51 пайыз) және «Тараз» ӘКК» АҚ 24 500,0 мың теңге (49 пайыз) үлесімен бірлескен кәсіпорын, яғни «Тараз» сервистік-өндірістік орталығы» ЖШС құрылған. Бұл серіктестіктің негізгі қызмет түрі – ауыл шаруашылығы арнайы және құрылыс техникасын жөндеу, техникалық және сервистік қызмет көрсету болатын.
Алайда тексеру барысында аудиторлар заңды тіркелген мекен-жай бойынша «Тараз» сервистік-өндірістік орталығы» ЖШС-ін таба алмаған. Яғни, орталықтың бұл мекен-жай бойынша орналаспағаны анықталды. Сондай-ақ «Тараз» ӘКК» АҚ-ның өкілі Тараз қаласы немесе аудандарда «Тараз» сервистік-өндірістік орталығының нақты қайда орналасқанын да көрсетпеген.
Сонымен қатар аталған орталықта жалғыз директордан басқа қызметшілер жұмыс атқармайтыны және директордың өзі Қостанай қаласында тұрақты тұратыны белгілі болды.
Нәтижесіне аталған жоба бойынша күтілген нәтижеге қол жеткізілмей 24 500,0 мың теңгенің тиімсіз жұмсалуына жол берілген.
— Иә, сервистік-өндірістік орталыққа байланысты келісім-шарт жасалған, — дейді бұл жөнінде «Тараз» ӘКК» АҚ-ның басқарушы директоры Еркін Жылысбек. — «Троллейбус паркін» соларға береміз деп жоспарлағанбыз. Бірақ олар жобаларын іске асыра алмады. Тракторға берген бағалары төмен, біз үшін тиімсіз болды. Ауданнан ешқандай қызығушылық болмады. Келісім-шарт аяғына дейін орындалмады. Сондықтан ол келісім-шарт бойынша жұмыс істелінбеді. Сондықтан троллейбус паркін қайтадан өзімізге алып қойдық. Олар жақында қайтадан келісім-шарт бойынша жер сұрап отыр. Жобалық сметасы 300 млн теңгедей болады. Жұмысты жалғастырамыз деп отыр.
Естеріңізге сала кетейік, Жамбыл облыстық мәслихатының тұрақты комиссиясы азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыруға, жарғылық капиталды ұлғайтуға және кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу үшін бағытталған кредиттер мен бюджет қаражатының, сонымен қатар активтердің тиімді пайдалануына жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесін қарап, Жамбыл облысы бойынша Тексеру комиссиясының мүшесі мен «Тараз» ӘКК» АҚ-ның басшылары осы бағытта атқарылған жұмыстарды баяндады.
Фото: Kapital.kz