Жамбыл облыстық мәслихатының кезекті XV сесиясында депутат Серік Қойбақов жаңа аурухана құрылысына қаржы қарастыру мәселесін көтерді.
— Бүгінгі таңда жаңа аурухана салуға 12 гектар учаске бөлінген, — дейді депутаттық сауал жолдаған Серік Қойбақов. — 400 адамды қабылдауға мүмкіндік беретін жаңа аурухананың құрылысы шамамен 60 млрд теңге деп есептеліп отыр. Бірақ құрылысты бастау үшін жобалық-сметалық құжат (ЖСҚ) жасалуы тиіс. Оған шамамен 100 млн теңге керек. Сондықтан осы жобаны бюджеттік комиссияға ұсынып отырмыз.
Депутаттың сауалына Жамбыл облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева жан-жақты жауап берді. Сандуғаш Ермаханқызының айтуына қарағанда жаңа аурухананың жобалық-сметалық құжатын жасауға қаржы бөлу әзірге мүмкін емес.
— Негізі бюджет 3 жылдық кезеңге сәйкес жоспарланады, — дейді бұл жөнінде Сандуғаш Абдралиева. — Яғни, республиканың тарапынан үш жылдық кезеңге біздің бюджеттік инвестициялық жобалар енгізілсе ғана ЖСҚ дайындауға қаржы бөле аламыз. Егер енгізілмесе бөле алмаймыз. Бұл аурухананың қажеттілігі туралы үкімет те, министрлік те хабардар. Алайда бұл үш жылдық бюджетке енбей отыр. Үш жылдық бюджетке енбеген жобаға ЖСҚ әзірлей бастасақ, оның сметасы құрылыс басқармасы бекіткен кезеңнен бастап бір жылға ғана жарайды, ал мемлекетік экспертизасы 3 жылға жарайды. Егер де біз биыл оны әзірлей бастасақ ол келесі жылы мемлекеттік сараптамадан шықты делік, үш жылдың ішінде қаржыландырылмаса ол ақша күйіп кетеді де тиімсіз пайдаланылған болады. Сол үшін біз республикадан осы мәселеге қаржы бөлініп, үш жылдық бюджетте міне тұр дегенді көріп, сенімді болуымыз керек. Өкінішке орай, үш жылдық бюджетке облыстық көпбейінді аурухана кіріп отырған жоқ. Сондықтан әл-әзір ешқандай мүмкіндік жоқ. Оның үстіне құрылыстың құны 60 млрд теңге, бұл оңай қаражат емес. Егер жергілікті бюджет пен республикалық бюджет бұл құрылысқа әзірге 1-2 млрд теңге бөлген жағдайда құрылыс 3-4 жылға созылып кетсе, жоба міндетті түрде түзетуге жіберіледі. Өйткені мердігер 3-4 жыл созып дәл сол қаржыға ғимаратты салып бере алмайды. Өздеріңіз білесіздер, баға жыл сайын өсіп жатыр. Сондықтан амал жоқ, бұл жобаның үш жылдық республикалық бюджетке енгенін күтеміз.
Естеріңізге сала кетейік, Жамбыл облыстық мәслихатының XV сесиясында 2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізілді.