Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Үкімет отырысы барысында елдің жол сапасы нашар аймақтарын атап өтті. Бұл туралы BAQ.KZ хабарлайды.
Облыстар мен аудандарда жол сапасының нашарлығы байқалады. Олардың қатарында Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстары бар. Маңғыстау, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Алматы, Қарағанды және Түркістан облыстарында жол сапасының жақсарғанын атап өту керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «елдегі жолдың сапалы екенін, үйге апаратын жолдың жағдайынан білуге болады». Сондықтан аймақтағы жолдардың сапасы жалпы инфрақұрылымның дамуында үлкен рөл атқарады, -деді министр.
Оның айтуынша, аймақтағы жолдарды жөндеуге биыл – 119 млрд теңге қарастырылған. Оның – 52 млрд теңгесі республикалық маңызы бар жолдарға, 67 млрд теңге жергіліті маңызы бар жолдарға жұмсалады. Бөлінген қаржы есебінен 1,3 мың шақырым жолды жөндеу көзделген. Министрлік мәліметіне сүйенсек, жыл соңына дейін жолдардың жағдайын жақсарту 78 пайызға арттырылмақ.