– Нарық үстемдік етуге тиіс салаларда мемлекеттің шамадан тыс араласуы – жалпы ішкі өнімді екі есеге ұлғайту жөніндегі міндетті орындауға кедергі болатын негізгі проблемалардың бірі. Яғни, экономикамызды ырықтандыру қажет. Егер қазір бүкіл квазимемлекеттік сектордың үлесін күрт қысқартпасақ, мемлекет оларды тиімді басқара алмайды. Олар – «Самұрық-Қазына» мен «Бәйтерек» холдингінің көп бөлігі. Бұдан басқа, әкімдіктер мен мемлекеттік органдарда шаруашылық жүргізетін тағы 6 мың мемлекеттік компания бар. Көптеген сектор бойынша жекешелендіру процесі белсенді жүргізілмесе, жалпы ішкі өнімді екі еселей алмаймыз. Екі экономика болуы керек. Бізде біреуі бар. Екіншісін құру үшін жаңа парадигмалық тәсілдер қажет. Бұл тек жекешелендіру, жеке бастамалар, жаңа инвесторлар тарту арқылы жүзеге асуы мүмкін. Осы бағытта депутаттар мен Үкімет белсенді әрекет етіп, Мемлекет басшысының тапсырмаларын жедел орындайды деп үміттенеміз, – деді Сенат Төрағасы М. Әшімбаев.