Өткен аптада Мәжілісте депутаттар «Мемлекеттік сатып алу туралы» және оған ілеспе заң жобаларын қабылдағаны белгілі.
Мәжілістің жалпы отырысында «Мемлекеттік сатып алу» туралы заңына Respublica партиясының фракциясы енгізген 25 түзету енгізіліп, қабылданды.
Маңызды өзгертудің бірі ол — азаматтардың жалақысына байланысты. Партия депутаттары өңірлерде көптеген еңбек ұжымдарымен кездесіп, азаматтарды толғандырған мәселелерді білді. Соның бірі жұмысшыларына жалақысы бойынша қарызы бола тұра, тендерлерге қатысу жағдайлар. Respublica-ның бастамасымен енді заң бойынша ондайға тыйым салынады.
Бұл заңдағы өзгерістердің бірі – бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың негізі ретінде отандық тауар өндірушілермен жасалған офтейк-келісімшарттарын анықтау ұсынылады.
– Екінші оқылымға дайындық барысында мемлекеттік сатып алу бойынша шағымдану рәсімдері, өнім берушілердің жауапкершілігі, сондай-ақ бір көзден сатып алу тәсіліне қатысты қағидалар нақтыланды. Мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жеңілдету мақсатымен шағымды ұйымдастырушы қарайды. Оның шешіміне әкімшілік іс жүргізу аясында шағым түсіру мемлекеттік сатып алу рәсімдерін тоқтатпайды, – деді депутат Руслан Қожасбаев.
Депутат жеткізушілердің мерзімін өткізіп алғаны және сапасыз жұмыс істегені үшін жауапкершілікті күшейту мақсатымен оларды жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізу, айыппұл өндіру, сондай-ақ тұтынушыларға осындай жеткізушілермен шартты мерзімінен бұрын бұзу мүмкіндігін беру ұсынылып отырғанын айтты. Сонымен қатар бір көзден алу тәсілімен сатып алу туралы шарт жасасу жөнінде шешім қабылдаған мемлекеттік орган басшысының (тапсырыс берушінің) дербес жауапкершілігі белгіленеді.
Мұнда «баға – сатып алынатын тауардың, жұмыстың, қызметтің сапасы» қағидасы жұмыс істейтін болады. Ал ауыл әкімдіктерінің тиімділігі мен дербестігін арттыру үшін бір көзден алу тәсілімен біртекті тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатып алудың шекті мөлшері 3 мыңнан 4 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
Бұдан басқа да өзгерістер қамтылған. Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңды ілеспе түзетулерімен қабылдап, Сенаттың қарауына жолдады.