Рухани мәдениет және өнегелі құндылықтармен таныстыру, қыздардың жан-жақты дамуы және шығармашылық жеке тұлғасын қалыптастыру, шығармашылық қабілетін, эстетикалық тәрбиесі мен практикалық дағдыларын дамыту, нәзікжандылардың тарихи құндылықтарға деген ішкі беріктігін қалыптастыруға және нығайтуға бағыттау, бағдарламалар бойынша білім беру, қыздарға ұлттық дәстүрлерді жалғастыруға, ұрпақ сабақтастығын сақтауға және қабілетті тұтас тұлға қалыптастыруға көмектесу, жаһандану үдерістерінің әсерінен өзгеретін қазіргі әлемде ұлттық мәдениеттің өзіндік ерекшелігін сақтауды басты бағыт еткен орталықтың қазақ қыздарына берері көп. Мәселен, мұнда жас қыздарды ертегі оқудан бастап, домбыра тартуға, ән айтып, күй шертіп, сурет салу мен би билеуге баулып, бойжеткендер мен қыз-келіншектерге іс тігу, ас әзірлеу, тіпті сол арқылы кәсіп иесі атануға да бағыт-бағдар беріледі
«Анаға тағзым» орталығы — мерекелер мен мерейтойларды назардан еш тыс қалдырған емес. «Үкілі кәмшат» облыстық тігіншілер байқауы, «Қасірет пен қасиет» республикалық ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылса, «Мейірім» акциясы аясында орталық қызметкерлері жас сарбаздармен кездесу кешін өткізіп, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдер және өмірлік қиын жағдайдағы балаларға қуаныш сыйлап қайтты. «Бірлігіміз жарасқан» достық фестивалі мен дәстүрлі байқаулар жалғасын тапты. Сонымен қатар «Анаға тағзым» орталығы «Достық дастарханы», «Tiflo-асхана», «Tiflo-тігін», «Қазақ тілін үйренушілер үшін «Ынтымақ», анасы мен қызының бірге ас әзірлеуі арқылы отбасы ынтымақтастығын нығайтуға арналған «Ана көрген…», «Әжемнің ертегісі» жобаларын жандандыра түсті. «Әйелмен әлем әдемі» сұлулық фестивалі мен «Бақыт кілті» енелер мен келіндер форумы кең көлемде әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ал, «Белсенді ұзақ өмір сүру» (Клуб Активного долголетия), «Сырғалым» жеңге мен қайынсіңлілердің сырласу клубтары да басқа қырынан көрінді. Одан бөлек, әр үйірме, курс қатысушыларының мамандықтарына сәйкес, түрлі бағыттағы шеберлік сағаттары, мотивациялық кездесу кештері ұдайы өткізіліп тұрады.
Орталықтың жасап отырған еңбегінің қазақы салтымыз бен қоғамның тарихи дамуының сабақтастығын бұзбай, құндылықтарымызды сақтау үшін өскелең жас ұрпаққа дәстүріміздің озық үлгілерін насихаттауда маңызы зор.
Осы уақыт аралығында жеткен жетістіктер де айтарлықтай көп. Түрлі өнер байқауларында үйірмеге қатысушы қыздарымыздың қанжығасы майланып, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді.
Фото: Aikyn.kz