Өткен жылы Жамбыл облысында жетім балаларды және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған, отбасылық үлгідегі балалар үйлері мен асыраушы отбасыларындағы балаларды мемлекеттік қолдауға 67 425,2 мың теңге бөлініп, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 53 баланы отбасылық және қабылдау отбасында тәрбиелеу жұмыстары атқарылған, 19 штаттық бірліктегі тәрбиешілер арттырылған еңбекақымен қамтамасыз етілді. Ал «Жетiм балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік қамсыздандыру» бағдарламасына 600 275,9 мың теңге бөлініп, өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы мен жасөспірімдерге арналған үйіндегі 135 тәрбиеленушілерді ұстау шығындары қаржыландырылды.
Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни кез келген зиялы қоғамның діңгегі. Отбасының аман-саулығы әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, бала тәрбиесінде және оның дара тұлға болып қалыптасуында ата-ананың рөлі мен отбасы құндылығының маңызы өте зор. Отбасындағы салауатты қарым-қатынастар ғана адамның толыққанды дамуына кепілдік бере алады, ал осы саладағы қолайсыз жағдай бала тәрбиесіне кері әсерін тигізіп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың өсуіне әкеліп соғады.
— Зорлық-зомбылық тақырыбындағы оқу-ағарту жұмыстарын мектепке дейінгі білім беру мекемелерінен бастап барлық деңгейлердегі білім беру ұйымдарында жүргізу қажет, — дейді бұл жөнінде сенатор Мұрат ҚАДЫРБЕК. — Себебі балалар зорлық-зомбылыққа ұшыраған жағдайда не істеу керектігін, қайда қоңырау шалып, кімге хабарлау керектігін білмей жататын жағдайлар орын алып жатады. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдарында белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерін, оған төзбеушілік туралы түсіндірген жөн. Интернет кеңістігіндегі қауіпсіз мінез-құлық туралы да ақпараттық компаниялар жүргізіп, балаларға цифрлық сауаттылық дағдыларын да үйреткен жөн.
Жақында Сенат депутаттары әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейту туралы заңды мақұлдағаны белгілі. Бұл заң әйелдер мен балалардың құқықтарын бұзғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті қатаңдату негізінен осы міндеттерді шешуге бағытталғаны анық.
Яғни, заңмен енгізіліп отырған маңызды ережелер мен жаңашылдықтарды қоғамымызда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп, осы тақырыпта құқықтық сауаттылықты көтерудің маңызы зор.
Өйткені әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылық пен қатыгездіктен қорғау, оларға қарсы қылмыстардың алдын алу, олардың құқықтарын қорғау үшін жағдай жасау мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі болып табылады.
Фото: СШ №1 г. Хойники