Өткен жылы Президенттің тапсырмасымен Қылмыстық және Әкімшілік кодекстерге түзетулер енгізілді. Былтыр 1 шілдеден бастап полиция тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеудің арыз беру сипатынан анықтау сипатына көшті. Қазір әкімшілік іс нақты дерек негізінде қозғалады.
– Егер бұрын жыл сайын құқық бұзушылықтар туралы 100 мыңға жуық сигнал түскен болса, 70%-ға жуық жағдайда полиция жәбірленушілердің арыз жазудан бас тартуына байланысты шара қолдана алмайтын. Арыз беру сипатынан анықтау сипатына көшкеннен кейін зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасылармен профилактикалық жұмыс жанданды. Өткен жылы тұрмыстық жанжал туралы 99 мың хабарлама түскен, онда 79 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке, мыңға жуық азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды, – дейді бұл жөнінде департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Полиция әрбір отбасылық жанжал бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қайталану қаупін бағалайды. Өткен жылдың тамыз айынан бастап 18,5 мыңнан астам отбасы арнайы сауалнамадан өтті. 884 отбасыда құқық бұзушылықты қайта жасау қаупі жоғары екені анықталды. Құқық бұзушыларға агрессияны болдырмау үшін өз еркімен психокоррекциялық курстардан өту ұсынылды.
Жәбірленушілердің қауіпсіздігі үшін учаскелік полиция инспекторлары 87 мың қорғау нұсқамасын шығарды. Полицияның өтініші бойынша соттар құқық бұзушының мінез-құлқына, оның ішінде алкогольді ішуге тыйым салуға байланысты 15 мың ерекше талап қойды. Тәртіп сақшылары мұндай азаматтарды қатаң бақылауда ұстайды. Жалпы сот шешімі бойынша қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін барлығы 2770 агрессор және мінез-құлыққа қойылатын ерекше талаптарды орындамағаны үшін 5926 құқық бұзушы қамауға алынды.
– Қабылданған шаралардың нәтижесінде қоғамда құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеу қағидаты қалыптасады. Алайда тек полицияның күшімен тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін шешу мүмкін емес. Отбасындағы жанжалдардың негізгі себептері – маскүнемдік, адамгершілік құндылықтардың төмендеуі және басқа да қиындықтар, – деді Шыңғыс Алекешев.
Оның сөзінше, өңірлерде өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау бойынша мобильді топтар құрылды. 2023 жылдың қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында учаскелік инспекторлар қолайсыз жағдайдағы отбасыларға 67 343 тексеру жүргізіп, арнайы әлеуметтік көмекке мұқтаж 2349 отбасыны анықтады. 2024 жылдың қаңтар айында осындай 325 отбасы анықталды.