Рамазан айында санитарлық талаптарды сақтай отырып ауызашарлар ұйымдастыру, Ораза айт мерекесіне орай мешіт ауласына киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар ұйымдастыру, Ораза айт күндері қарттар мен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне мерекелік көңіл сыйлау секілді іс-шаралар атқарылады. Бұл туралы Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кеңейтілген Төралқа мәжілісінде ҚМДБ Мешіт істері бөлімінің меңгерушісі Марат Жаппасбаев жеткізді деп хабарлайды muftyat.kz.
Онлайн режимде өткен мәжіліске наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы, ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, бөлім басшылары мен бас имамдар қатысты.
Жиынды ашқан ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы: «Санаулы күндерден соң қасиетті Рамазан айы кіреді. Мұсылман үмбеті үшін Рамазан – сондай бір ерекше ай. Еліміздегі қаншама бауырларымыз осы айды күтеді, оразасын ұстайды. Мейірім мен кешірімге, сауапқа толы айды әдеттегідей өз деңгейінде өткізуді Алла нәсіп етсін! Қазіргі жағдайды ескере отырып, ең бастысы тазалық пен тәртіп жағына көңіл бөлсек. Осы айда мейлінше қайырымды істерді көбірек атқаруға шақырамын. Жамағаттың ыңғайына қарай уақытын белгілеп онлайн дәрістер, Құран үйрету сабақтарын өткізуді жалғастыруымыз керек. Халыққа пайдалы уағыз тарату мақсатында тікелей эфирлер ұйымдастырып, мүмкіндігі жоқ жандарға ауызашар пакеттерін жеткізу жағын қолға алуды тапсырамын» деді.
Марат Жаппасбаев пандемияға байланысты бұл жұмыстар барынша сақтықпен өтетінін айтты. Дегенмен Бас мүфти «жасыл аймақтарда» орналасқан өңірлер Рамазан айын мүмкіндігінше қалыптасқан дәстүрге сай өткізу қажеттігін айтты.
Кеңейтілген мәжіліс барысында 8 мәселе қаралды. Төралқа мәжілісінде ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы Рамазан айының басталуы, Қадір түні және Ораза айт күндері жайлы баяндады. Биыл Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады. Рамазан айы 30 күн болады. 13 мамыр – Ораза айт күні. 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн – Қадір түні.
Төралқа мәжілісінде ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Талғат Омаров биыл бірнеше ірі жоба дайындалып жатқанын, оның ішінде «Рамазан керуені» сынды шалғайдағы ауылдарды қамтитын қайымдылық іс-шаралар бар екенін жеткізді.
Бас мүфти жиынға қатысушылардың ұсыныс-тілектерін тыңдап, жауапты бөлім басшылары мен имамдарға нақты тапсырмалар жүктеді.