Депутаттың айтуынша, Қазақстанда Астана, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Жезқазған және Теміртаудағы ауа жоғары деңгейде ластанғаны байқалады. Оның бәрі адамдардың өмірі мен денсаулығына теріс әсер етеді.
«Ұлытау облысының Жезқазған және Сәтпаев қалаларында аймақтағы өндіріс орындарында зиянды газдарды сүзуге арналған қондырғыларды жаңарту жұмыстарын дер кезінде жүргізбесе өңірдің экологиялық жағдайы күрт нашарлауы мүмкін. Қазіргі уақытта Жезқазған өңірінде негізгі су көзі Кеңгір су қоймасы болып табылады. Ал судың сапасы онда қанағаттанарлық емес, су класы бойынша IV класс ретінде анықталған. Судың сапасын жақсарту бойынша гидрологиялық жұмыстарды жүргізумен қатар, Үйтас — Айдос жерасты су құбырының құрылысын да жеделдету қажет», — деді сенатор.
Сенатор сонымен қатар өндіріс орындарының қалдықтары ашық жерлерде сақталуына алаңдаушылық білдірді. Қатты тұрмыстық қалдықтардың көп бөлігі еш сұрыптаусыз шығарылуда және ашық полигондар мен қалалық полигондарда жиналып жатыр. Депутат Медебаев осыған байланысты жағдайдың ауқымы мен қазақстандықтардың денсаулығына елеулі қатер төнуі мүмкіндігін ескере отырып, өзекті мәселелерді шешу жөнінде бірқатар шараларды ұсынды.
«Қауіпті қалдықтар мен қоқыстардың мөлшерін азайту мақсатында әлемдік экологиялық стандарттарға сәйкес экожүйе енгізу жолдарын қарастыру қажет. Қалдықтарды, оның ішінде құрылыс қалдықтарын жинауға арналмаған жерлерде заңсыз тасымалдау және шығару фактілерін анықтау мақсатында тексеру және өзге де шаралар жүргізу арқылы мемлекеттік бақылау шараларын күшейту қажет. Жергілікті және орталық атқарушы органдар бірлесіп аудандық, қалалық және ауылдық елді мекендерде тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару, оның ішінде тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинау, тамақ және құрылыс қалдықтарын қайта өңдеу жөнінде инфрақұрылым құру мәселесін қарастыру маңызды», — деп атап өтті депутат.