Расында БАҚ беттерінде «Тараз қаласы екі ауданға бөлінеді» деген ақпараттың жазылып келе жатқанына бірнеше айдың жүзі болды. Тараз қаласы тұрғындарының саны 400 мыңнан асқаннан кейін жергілікті әкімдік көне шаһардың бас жоспарын өзгертуге, екі ауданға бөлуге ұсыныс жасаған болатын.
Бұл іс өткен жылдың соңына таман тіптен қарқын алып, жаз бойы жаңадан құрылатын екі ауданға қандай атау берілетіні қызу талқылаға түсіп, қоғам белсенділері тарапынан түрлі ұсыныстар айтылды.
Ақырында Тараз қаласы әкімі тарапынан келіп түскен, яғни «Тараз қаласындағы екі әкімшілік-аумақтық бірлікке атау беру туралы» ұсыныстың негізінде көпшілік тыңдауы ұйымдастырылып, екі ауданға «Алатау» және «Қаратау» атауын беру туралы ұсынысын ортаға салды. Ұсыныстар, пікірлер талқыланып, бірауыздан қолдау тапқан еді.
Ал, осыған байланысты алдағы уақытта Тараз қаласындағы «Алатау» (8), «Қаратау» (2) ықшамаудандарының атауы ауысатын болған.
Міне, жаңа 2024 жыл басталды. Неғып екенін, соңғы кездері Тараздың екі ауданға бөлінетіні туралы ақпараттардың екпіні басылып қалды. Неге? Бұл іс неге созылып кетті? Біз мұны Тараз қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Исмайылдан сұрап білдік.
— Иә, шынында Тараз қаласы жаңа жылдан бастап екі ауданға бөлінеді деп ойлағанбыз, — дейді Қайрат Әбілханұлы. — Біздің жоспарымыз бойынша Тараз қаласының бас жоспарын Үкімет өткен жылдың тамыз айында бекітіп, жылдың соңына дейін екі ауданның шекарасы бөлініп бітуі тиіс еді. Бірақ қаланың бас жоспарын Үкімет 26-желтоқсанда бекітті. Енді міне, жаңа жылдан бастап қалалық сәулет, архитектура, жер бөлімдері екі ауданның шекарасын белгілеумен айналысып жатыр. Бұл жұмыс шамамен наурыз айында бітеді деп жоспарлап отырмыз. Сол наурыз айында екі ауданның аумағын қалалық мәслихат бекітіп берсе, ары қарай ресми түрде жаңа әкімдік жұмысын бастайды.Ал екі ауданның шекарасы әл-әзірге бөлінбегендіктен жаңа жылдың бюджетінен қаржы қарастырылған жоқ. Аумағы, шекарасы нақты белгіленгеннен кейін халық санына қарай жаңа әкімдіктің штаты бекітіледі.
…Естеріңізге сала кетейік, Байзақ және Жамбыл аудандарының 14 елді мекенін қалаға кіргізу жоспарлануда. Қаланың Бас жоспарына түзетулер енгізілген соң ауылда тұратын 44 551 халық қала тұрғынына айналады. Тараз қаласының халық саны 408 235-ке жетіп, қала аумағы 11 755 гектарға ұлғаяды. Осылайша Тараз қаласының жалпы ауданы 30 542 гектарды құрайтын болады.