Тараздық полицейлер топтасып жұмыс жасайтын алаяқтарды құрықтады.
Тараз қаласының Полиция басқармасы 1-ші полиция бөлімінің кезекші бөліміне жергілікті бес тұрғын орын алған алаяқтық дерегі бойынша шағыммен жүгінген.
Барлық жәбірленушілер бейтаныс адамдардың өздерінің сенімдеріне кіріп, оларға жер учаскелерін төмен бағамен сатып алуға көмектесуге уәде бергенін жеткізген. Алаяқтар олардың ақшаларын алдау жолымен иемденген десек, жалпы материалдық шығын көлемі он бір миллионнан асады.
«Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Тараз қаласының Полиция басқармасы 2-полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері аталған алаяқтық дерегін жасады деген күдікпен 46 жастағы әйел мен 24 жастағы жігітті анықтап, ұстады. Күдіктілердің екеуі де жасаған қылмыстарын мойындады»,-делінген облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Күдіктілерге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сондай-ақ, ұсталған күдіктілердің басқа да осындай ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.