Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен Сарысу ауданының әкімі болып Марат Сұлтанғалиев тағайындалды.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аудан активінің жиынына онлайн режимінде қатысып, жаңа басшыны таныстырды.
«Сарысу ауданының мүмкіндігі мол. Ең бастысы, халықтың әл-ауқатын жақсарту, экономикасын дамытуға күш салу керек. Бұл ретте инвесторлармен жұмысты үдету маңызды. Марат Қырғызәліұлының алдына қойылған мақсаттардың бірі осы. Сондай-ақ ауданға көгілдір отын жеткізуді жеделдету қажет»,- деп атап өтті аймақ басшысы.
Марат Сұлтанғалиев 1982 жылы туған, білімі жоғары. 2003 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «құқықтану», 2013 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2005 жылы Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінде маман болып бастаған.
2006-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Сауда саясатын дамыту және дүниежүзілік сауда ұйымына кіру департаментінің жетекші маманы, бас маманы, 2008-2010 жылдары Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Сауда саясатын дамыту департаментінің сарапшысы, 2010-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Сыртқы сауда саясаты департаментінің сарапшысы, бас сарапшысы, 2013-2015 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің индустриялық-инновациялық даму бөлімінің бас сарапшысы, 2015-2018 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің индустриялық-инновациялық даму бөлімінің бас консультанты қызметтерін атқарған.
2018 жылдың мамырынан бастап Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің өңірлік даму бөлімінің бас инспекторы лауазымында қызмет атқарып келді.