Ағымдағы жылдың 5 тамызында сағат 01:40 шамасында Шу қаласының көшелерінің бірінде полицейлер жол ережесін бұзған «Лексус» көлігін байқаған.
Автопатруль экипажының инспекторлары жүргізушіден тоқтауды сұраған, алайда ер адам тәртіп сақшыларының заңды талаптарына бағынбай, жоғары жылдамдықпен жүруді жалғастырған.
Полицейлер жүргізушіні қуып жетіп, көлікті тоқтатқан. Құжаттарды тексеру кезінде Мойынқұм ауданының 52 жастағы тұрғыны көлік жүргізгені анықталды. Ер адам аяғынан әрең тұрған, оның мас болуының айқын белгілері болды.
Медициналық сараптама оның көлікті мас күйінде басқарғанын растады.
– Ағымдағы жылдың қаңтар айында құқық бұзушы сот шешімімен 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны анықталды. Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Автокөлік автотұраққа қойылды, — дейді Шу АПБ ЖПҚб бастығының орынбасары, полиция майоры Әділхан Базарбаев.
Жамбыл облысының Полиция департаменті мас жүргізуші туралы «102» пультіне немесе Instagram желісіндегі «zhambyl_police» ресми парақшасына жазу арқылы хабарлауға болатынын жеткізеді. Барлық алынған хабарлар бойынша полиция қажетті әрекет ету шараларын қабылдайды.