«Қарасора-2023» және “Дәрмек” жедел-алдын алу іс-шаралары барысындағы жедел-іздестіру жұмыстарын Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментімен және «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлініс қызметкерлерімен бірлесіп жүргізді.
Алға ауылының «Қақпақты» учаскесіндегі құмды аймақта ұсталған азамат жабайы қарасораны жинап, 4 қапқа салған. Сондай-ақ, орылған қарасора қалдықтары бар орақ табылды.
Сараптама нәтижелері көрсеткендей, тәркіленген зат жалпы салмағы 189 келі 940 грамм болатын «каннабис» есірткі заты болып табылады.
— Ұсталған азамат кінәсін мойындап, Шу ауданының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Осы дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі (Есірткі құралдарын аса ірі мөлшерде өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Бұл бап мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді, — деп хабарлады ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.