Ағымдағы жылдың 6 айында ғана Жамбыл облысының республикалық маңызы бар автожолдарында 121 жол-көлік оқиғасы орын алып, салдарынан 48 адам қаза тауып, 219 адам түрлі дәрежеде жарақат алды.
Жүргізушілердің назарын еңбек және демалыс режимін сақтаудың маңыздылығына аудару мақсатында Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлері жедел жәрдем медициналық қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп, ағымдағы жылдың 1-31 шілдесі аралығында жол қауіпсіздігінің алдын алу бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізеді.
Автомагистраль арқылы өтетін көліктерді тоқтата отырып, полицейлер жүргізушілерге іс-шараның мақсаты туралы айтып, азаматтарға жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттілігі, белгіленген қозғалыс жылдамдығы, көлік руліне отырар алдында демалу қажеттілігі туралы ескертеді. Өз кезегінде жедел жәрдем бригадасының қызметкерлері тыныс алу көрсеткішін, қысымды өлшейді, жалпы жағдайын тексереді. Қажет болған жағдайда дәрігер медициналық көмек көрсетеді немесе демалуға ұсыныстар береді. Сонымен бірге медицина қызметкерлері алғашқы медициналық көмек қобдишаларының жағдайын тексереді.
— Алыс жолға шығуды жоспарлап отырған жүргізушілерге ең алдымен ұзақ жолға шығар алдында жақсылап тынығу қажеттігін ескертеміз. Шамадан тыс шаршау сергектікті төмендетеді, реакциялар нашарлап, баяулайды. Жалпыға бірдей қабылданған қағидаларды ұстанбайтын азаматтар ықтималды қылмыскерлерге айналып, жол қозғалысының барлық қатысушыларына қауіп төндіреді, — деп атап көрсетті Жамбыл облысының ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Манас Әбдікәрімов.