Аймақта балық шаруашылығы жаңа дамып келеді. Бірақ табиғатқа зиянын тигізуші қаскерлер азаяр емес. Өңірімізде қаскерлердің пайдалануға тиым салынған полиамидті, мототалшықты синтетикалық тор, қолдан жасалған шанышқы сияқты құрал-саймандар қолданып, тиісті рұқсат қағазынсыз балықты қырып-жоюы жалғасуда.
Әсіресе, броконьерлер тарапынан қылмыстық іске жататын электрқармақ салу ісі балықтар дүниесіне едәуір зардабын тигізіп отыр дейді Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы Жамбыл инспекция бөлімінің бас маманы Бақытбек Жүнісбеков.
Табиғат байлығына ашкөздікпен қарайтын адамның ойына не келмейді десеңізші? Бүгінгі таңда облысымыздағы өзен-көлдерде осы құрылғыны қолданып, балық аулап жүргендер аз емес. Шу-Талас облысаралық бассейндік инспекция басшысы Болат Асамбековтың айтуынша, жыл басынан бері облыста өзен-көлдерге ау салған 40 оқиға тіркеліп, барлығына әкімшілік айыппұл салынған.
Табиғатқа, қоршаған ортаға зиянын тигізушілер әлі де азаймай отыр. Биыл облыста электрқармақпен Жуалы мен Меркі аудандарында екі адам ұсталды. Оның бірі Билікөл көлінде орын алса, екіншісі Аспара өзенінде болды. Билікөлде ұсталған күдіктінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ал Аспара өзенінде электрқармақпен балық аулаған азаматқа әкімшілік жаза тағайындалды. Бұл жазамен біз келіспей отырмыз. Оның айыпұлмен құтылып кетуіне жол бермеуіміз керек. Оның электрқармақпен балық шаруашылығына тигізген зияны орасан, — дейді Болат Асамбеков.
Бір өкініштісі электрқармақтан аман қалған балықтар бұдан кейін уылдырық шаша алмайды. Бұл бір күндік қана пайданы көксегендердің қаперіне кіріп те шықпайды. Жоғары қуатты электрлі құрылғылар пайдаланылған кезде сол тұстағы суасты микроорганизмдері түгелге жуық жойылып та кетеді. Бұл – суасты тіршілік иелеріне келген зауал, балық атаулы нәр-қорегінен айырылды деген сөз, — дейді инспекция басшысы.