Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қатысты жағдайды және оны шешуде қабылданып жатқан шаралары жайлы баяндады.
Мәселен, жыл басынан бері бағаның өсуі 17,1%-ды құрады. Пияздың, қырыққабаттың, қанттың, картоптың, сәбіздің, қарақұмықтың бағасы ең жоғары көтерілді. Өңірлер тұрғысында бағаның ең көп көтерілуі Жамбыл және Маңғыстау облыстарында – 18,7%, Алматыда – 18,6%, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында – 18,5% және Шымкентте – 18% байқалады.
Сонымен бірге, жиын барысында көршілес елдердің нарықтарында азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне қатысты жағдай дәл осылай қалыптасып отырғаны айтылды. Мәселен, Ресейде жыл басынан бері азық-түлік бағасының орташа алғанда шамамен 40%-ға, Өзбекстанда 48%-ға қымбаттауы байқалды.
Бейіндік комитет сауда нүктелерінің 15%-дан аспайтын рұқсат етілген үстемеге сәйкес келуін қамтамасыз ету үшін әкімдіктерді үйлестіруді жалғастыруда. Мәселен, соңғы апталарда рейдпен 42,6 мың тұрмыстық дүкен (84,7%) қамтылды. Нәтижесінде 712 заң бұзушылық анықталып, олар бойынша қажетті шаралар қолданылды.
Ұсынылған шаралар ретінде Е.Қазанбаев электрондық шот-фактуралар деректерін монополияға қарсы органдар мен жергілікті атқарушы органдарға тауар таңбасынан асып кету фактілерін анықтау және заңнамада көзделген шараларды қабылдауға мүмкіндік беретін мемлекеттік органдардың бірлескен бұйрығын әзірлеуді ұсынды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, елімізде 607 мың тонна негізгі өнім қоры бар, оның ішінде сиыр еті (22 292 тонна), құс еті (19 600 тонна), картоп (93 749 тонна), ұн (118 506 тонна), сүт ( 59 640 тонна) т.б.
Ал қантқа келсек, республика бойынша жалпы өнім қоры 101,4 мың тонна болса, ішкі тұтыну маусым айында 59 мың тоннаны құраса, яғни нарықтағы ұсыныс 171,4 пайызды құрап отыр.
Әлихан Смайылов, 15 пайыздық үстеме бағаны бақылау жұмысын күшейту қажеттігін айтты. Әсіресе, сауда орындарында.
«Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, қант қоры 100 мың тоннадан асады, ал біздің ай сайынғы тұтынуымыз 59 мың тоннаны құрайды. Бұл жеткілікті. Бірақ, сонымен қатар, кейбір дүкендерде қант 700-800 теңгеден сатылуда. Бұл асығыс сұранысты пайдаланып, қосымша пайда тауып отырған жеке тұлғалардың заңсыз кәсіпкерлік қызметі нәтижесінде орын алады. Жалпы, қанттың орташа бағасы шамамен 480-490 теңге/кг болуы керек. Біз мұнымен айналысуымыз керек», — деп тапсырды Үкімет басшысы.
Сонымен қатар, Премьер-Министр келесі жылы жеміс-көкөніс өнімдерін жеткізу бойынша форвардтық келісімшарттарды жасасу бойынша жұмысты ертерек жүргізудің маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша басқа да бірқатар тапсырмалар берді.