Шымкент қаласы «таза» айлықтың көлемі ең төмен өңірлердің үштігіне кірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Ranking.kz ресурсы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша елдегі орташа айлықтың көлеміне талдау жасады.
«Бүкіл салық төленгеннен кейін қалатын «таза» жалақы мөлшері бойынша түзілген рейтингіде Қазақстан 106 елдің ішінде 80-ші орынға ие болды. Қазақстандықтардың жалақы мөлшері 414,29 долларды құрады. Ең жоғары жалақы Швейцарияда, Сингапурде және Австралияда тіркелді. Ал төменгі жалақы Шри Ланкада тіркелген. ТМД елдерінің арасында Ресейдің (884,14 АҚШ доллары), Украинаның (512,66 АҚШ доллары) және Армения (420,68 АҚШ доллары) көрсеткіші Қазақстаннан жоғары», — деп жазады Ranking.kz.
Порталдың мәліметіне сүйенсек, елдегі номиналды орташа айлық жылдың бірінші тоқсанында 285,4 мың теңгеге жеткен. «Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 23,7% көп. Айлықтың сатып алу қабілеті шынайы көлемде 12,7% өсті» деп жазылған талдауда.
Өңірлер арасында ең жоғары айлық әдеттегідей Атырау облысында байқалып отыр – 477,9 мың теңге. Бұл елдегі орташа айлық мөлшерінен 67,4% жоғары.
Екінші орындағы Маңғыстау облысында бұл шама – 416,2 мың теңге. Нұр-Сұлтан қаласы 366,5 мың теңгемен үшінші орында тұр. Ал Алматы қаласында айлық көлемі орташа республикалық көрсеткіштен жоғары – 327,5 мың теңге. Ең аз айлық Солтүстік Қазақстан облысында — 203,4 мың теңге.
Сондай-ақ, Шымкент қаласында орташа айлық көлемі 216,9 мың теңге, Жамбыл облысында 220 мың теңге болған.
«Салалар бөлінісінде ең көп жалақы тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу саласында байқалды – 619,4 мың теңге. Бұл орташа республикалық көрсеткіштен 2,2 есе көп. Жылдық өсім 21,5% құрады. Көшбасшы салалардың үштігіне қаржы және сақтандыру қызметі саласы (521,1 мың теңге) және кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет сегменті (416,4 мың теңге) кірді», — деп атап өтті Ranking.kz.
Бұған дейін постдокторанттарға еңбекақысы 500 мың теңге болатын 1000 грант бөлінетіні айтылған еді.