Еліміздің Қаржы министрлігі «2022-2024 жылға арналған республикалық бюджет туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын дайындады. Жоба «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Порталдағы мәліметке сүйенсек, 2022 жылғы 1 сәуірден бастап:
мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 20 191 теңге (қазір 19 450 теңге);
зейнетақының ең төменгі мөлшерi – 48 032 теңге (қазір 46 302 теңге);
жәрдемақыларды және өзге де әлеуметтiк төлемдердi есептеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айыппұл санкцияларын, салықтарды және басқа да төлемдердi қолдану үшiн айлық есептiк көрсеткiш – 3 180 теңге (қазір 3063 теңге);
базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерлерiн есептеу үшiн ең төменгі күнкөрiс деңгейiнiң шамасы – 37 389 теңге (қазір 36 018 теңге) болып белгiленбек.
Сонымен қатар заң жобасында жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне жұмсалатын қаражат мөлшерін 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 7 пайызға, 1 сәуірден бастап 4 пайызға көтеру көзделген. Заң жобасын талқылау 2022 жылғы 21 сәуірге дейін жалғасады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров елімізде зейнетақы мен кейбір жәрдемақы түрлері тағы индекстелетінін мәлімдеген еді.