Солтүстік Қазақстан облысында учаскелік полицей мен қорықшы ауыл тұрғынының шарбағына ілініп қалған елікті құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 24 наурыз күні Қызылжар ауданы Бескөл ауылы тұрғыны полицияға хабарласып, үйінің маңындағы қоршауға сібір елігінің ілініп қалғанын айтқан. Түз жануарын өздігінен босата алмаған ол полицейлерден көмек сұраған. Оқиға орнына екі көмекшісімен учаскелік полиция инспекторы аттанды. Сондай-ақ Бескөл аңшылық шаруашылығының аға қорықшысы Юрий Побережник ескертілді. Олар шарбақтан секіріп өтпек болып ілініп қалған елікті еппен босатып, қызметтік автокөлікке салып, мемлекеттік табиғи қорықшаның аумағында босатып жіберді.
«Учаскелік полиция инспекторының жұмысында түрлі жайттар жиі болып тұрады. Бірақ мұндай оқиғаға алғаш рет тап болдым. Сондықтан бұл жұмыста айналаңда болып жатқаннан хабардар, жан жақты болған дұрыс», — дейді учаскелік полиция инспекторы Бақтияр Рахметов.