Kinopark пен Kinoplexx кинотеатрлар желісінің жетекшісі Алмаз Малдыбаев Қазақстанда жаңа голливудтық фильмдерді көрсетуге қатысты қиындықтар туындағанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, бүгінде бірде-бір голливудтық студия жаңа фильмдердің Қазақстанда прокатқа шығатынына кепілдік бермеген. Тіпті орысша дубляжы мен қазақша субтитрлері бар кинокартиналарды көрсетуге рұқсат жоқ.
«Бізде жағдай басқаларға қарағанда қиынырақ,өйткені банктік міндеттемелер де көп. Бұл қиындықтар бізді жағдай тынышталғанға дейін жұмысты тоқтата тұруға мәжбүр етеді. Біз толық жабылу немесе банкроттық туралы емес, уақытша жабылатынымыз туралы айтып отырмыз. Қазіргі уақытта біздің желілерімізде шамамен 800 адам жұмыс істейді. Біз оларды ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүрміз», – деді ол.
Алмас Малдыбаев соңғы үш-төрт күннен бері Мәскеуден келген дистрибьютормен келіссөздер жүргізіп жатқанын хабарлады.
«Мен хат жаздым. Олар Еуропа мен Америкадағы жоғары тұрған компанияларға жіберді. Өйткені бәрі олардың шешіміне байланысты болып тұр. Мәскеу Қазақстанға киноны жалға беруді немесе бермеуді дербес шешпейді. Олар да қиын жағдайда, бізге тым болмаса жоспарланған фильмдерді көрсетуге рұқсат алып бергісі келеді. Бірақ әзірге жауап жоқ», – деді Kinopark және Kinoplexx кинотеатрлар желісінің басшысы.
Ол егер кино желісінің тек 50%-ы қамтамасыз етілсе, бәрібір өзін толық ақтай алмайтынын айтады.
«Disney, Sony, 20th Century Fox сияқты компаниялардың туындылары арқылы желі жартылай жұмыс істей алмайды. Олай істесек барлық шығындарымызды өтей алмаймыз, бізге фильмдердің толық пакеті қажет», – дейді Малдыбаев.
Оның айтуынша, қазақстандық дистрибьютерлер де тиімсіз дубляжға ақша салмайды. Оған қоса, қысқа уақыттың ішінде барлық технологиялық жұмысты ұйымдастыру мүмкін емес.
«Біздің әріптестеріміз жұмысты жалғастыра береміз дейді. Бірақ бұл жерде үлкен бір сұрақ туындайды. Олар нені көрсетеді? » – деді Малдыбаев.
Оның сөзіне қарағанда, қазақстандық контентпен жұмыс істеуге болады. Бірақ өзін ақтайтын фильмдер өте аз. Ал 2022 жылдың жазына бірде-бір қазақстандық премьера жоспарланып отырған жоқ.
«Біз фестивальдік киноға қолдау жасай аламыз. Алайда онымен қызметкерлердің жалақысы, жалдау ақысы, банк кредиттері сияқты шығындарды ақтау мүмкін емес», – деп жазды Kinopark басшысы.
Оған бұрынғы картиналарды қайта прокатқа шығару, қазақ және кеңес кинематографияның классикалық фильмдерін көрсету сияқты ұсыныстар да түсіп жатыр. Дегенмен ондай бастамалардан да ақша түспейді.
«Біреулер киноны толығымен қазақ тіліне аударатын кез келді дейді. Бірақ статистикаға сүйенсек, ондай фильмдерден көп пайда келмейді. 99,9 процентін орысша дубляж бен қазақша субтитрлермен көреді. Мен өзім қазақ тілінің кеңінен таралуын қолдаймын. Өзім де жақсы білемін. Бірақ халқымыздың басым бөлігі киноны туған тілінде көретіндей жағдайға жету үшін әлі біраз уақыт өтуі керек сияқты», – дейді Малдыбаев.
Ал Warner Bros, Universal Pictures, Paramount Picture студияларының ресми дистрибьюторы Sulpak Cinema Kazakhstan компаниясы фильмдер кестеге сәйкес көрсетіледі деп сендірді.
«Қазақстанның барлық көрермендері фильмдерді орыс және ағылшын тілдерінде, қазақша субтитрлермен көруді жалғастырады», – делінген ақпаратта.