Кеше кешкісін Ақтауда көпбалалы аналар Маңғыстау облысы әкімдігінің ғимаратына қарама-қарсы тас жолды жауып тастады. Наразы топ өздеріне тегін тұрғын үй беруді талап еткен, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Өңір әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, Ақтауда бұрын жалға берілетін баспана алған Жаңаөзен қаласының 30-ға жуық әйелі облыс әкімдігіне келіп, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жолданған қызметтік хаттың көшірмесін талап еткен. Олар бұған дейін әкімдіктен аталған баспананы жекешелендіруге рұқсат беруді сұраған. Алайда бұл заңда көрсетілмеген. Өңір басшысының орынбасары осы мәселені зерттеу үшін әйелдер арасынан бастамашыл топ өкілдерінің қатысуымен комиссия құруды ұсынды.
Бүгінгі таңда комиссияның екі отырысы өтті. Бірақ 8 ақпан күні кешке бір топ әйел комиссия отырысын жалғастыруды талап етті. Олар берілген жауапқа қанағаттанбай, облыс әкімдігі алдындағы тас жолды жауып тастады.
«Құқық қорғаушылар наразылық білдірушілерге олардың әрекеті қоғамдық тәртіпті бұзып жатқанын түсіндірді», — делінген әкімдіктің хабарламасында.