20 қаңтарда президенттің тапсырмасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоры Қамқоршылық кеңесінің бірінші ұйымдастыру отырысы өтті, деп хабарлады KAZ.NUR.KZ
«Қазақстан халқына» қоры жақын арада қайырымдылық ұйымдарымен, мемлекеттік органдармен және қайырымдылық көмек көрсетумен айналысатын басқа да ұйымдармен өзара іс-қимыл форматын шешуі тиіс екені хабарланды.
Қордың ресми электрондық порталын іске қосқан дұрыс деп болжануда. Барлық өзекті мәселелер бойынша оңтайлы шешім қабылдау үшін жұмыс тобы құрылған. Ол «Қазақстан халқына» қоры қызметінің тұжырымдамасын әзірлейді.
Сонымен қатар, Қамқоршылық кеңес мүшелері қызметкерлерді, бірінші кезекте мемлекеттік қызметшілерді, бюджеттік сала қызметкерлерін бір күндік жалақысын аударуға мәжбүрлеуі мүмкін жағдайлар туралы пікірлерін білдірді. Кеңес мүшелері мұндай тәжірибеге түбегейлі қарсы.
«Біз барша қазақстандықтарға үндеу жолдаймыз және «Қазақстан халқына» қоры тек жеке және заңды тұлғалардың ерікті қайырымдылықтары есебінен құрылғанын тағы бір мәрте атап өтеміз. Біз қорға үлес қосқан қазақстандықтарға және ұйымдарға алғысымызды білдіреміз және өз тарапымыздан көмек мұқтаж жандарға жететініне кепілдік береміз», — делінген қамқоршылық кеңестің хабарламасында.
16-19 қаңтар аралығында қорға 16,1 мың қазақстандықтан 29,3 млн теңге түскен. Тағы 19,2 млрд теңгені заңды тұлғалар мен ірі бизнесмендер аударған.
Еске сала кетсек, «Қазақстан халқына» қоры мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылды. Қорға бұрынғы экономика министрі Болат Жәмішев басшылық ететін болады. Қамқоршылық кеңестің құрамына Юрий Пя, Аружан Саин, Олжас Құдайбергенов, Арманжан Байтасов сынды бірқатар азамат кірді.