Биыл қазақ спорты айтуыл жетістіктер мен күтпеген сәттерге толы болды деп жазады ҚазАқпарат.
Алдымен 2020 жылы пандемияға байланысты 2021 жылға шегерілген Токио-2020 Олимпиадасы. Әлемдік додада ел қоржынына алғашқы медальді дзюдошы Елдос Сметов әкелді. Токио Олимпиадасында біздің спортшылар 8 қола медальға ие болып, жалпы есепте Қазақстан 83-ші орынға тұрақтады. Осылайша халықаралық олимпиада қазақстандық жанкүйерлер үшін күтпеген нәтижемен аяқталды. Себебі еліміз Тәуелсіздік алғалы алғаш рет байрақты бәсекеде алтын жүлдесіз қалды.
Биыл ел спортында ерекше із қалдырған тағы бір әлемдік дода футзалдан өткен әлем чемпионаты. Ойында біздің футболшылар Венесуэла, Коста-Рика және Литва құрамасынан басым түсіп, өз тобынан суырылып шықты. Содан соң біздікілер Таиланд пен Иран құрамасын айтарлықтай нәтижемен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Дегенмен жартылай финалда Қазақстан құрамасы Португалияға есе жіберді. Сондай-ақ, аталған бәсекеде біздің құрама 3 орын үшін Мексикамен таласқа түсіп, жеңіс қарсыластардың қолында кетті.
Сондай-ақ, биыл Қазақстанның футбол құрамасы 2022 жылы өтетін футболдан әлем чемпионаты іріктеуінде бақ сынады. Айтулы сында біздің футболшылар Украинаның құрама командасымен 2 рет ойнап, екеуі де тең нәтижемен аяқталды. Одан бөлек, біздің құрама босниялықтармен бақ сынасып, екіжақ тағы теңбе-тең түсті. Өкінішке қарай, еліміздің футбол құрамасы ойынды одан әрі жалғастыра алмады. Себебі ұпай саны саны жетпей қалды. Дегенмен біздің футболшылар 3 ойын нәтижесінде отандық жанкүйерлерге үлкен үміт сыйлап, болашақта әлемдік турнирлерде сәтті ойын көрсете алатындығын дәлелдей білді.
Қазақстандықтар мақтана алатын тағы бір спорт түрі – бокс. Тарқатып айтсақ, жуырда ғана Жәнібек Әлімханұлы WBO Global чемпионы титулын абыроймен қорғады. Одан бөлек, жыл ішінде Данияр Елеусінов, Жанқош Тұраров, Садриддин Ахмедов және тағы басқа отандық кәсіби боксшылар рингтегі кезекті жеңістеріне қол жеткізді. Дегенмен Жәнібек Әлімханұлының жеңісін ерекше атап өткен жөн. Ол франциялық Хассан Ндам Нжикамды (38-5, 21 КО) белгіленген 10 раундтың 8-інші раундында техникалық нокаутпен жеңді. Осылайша қазақстандық боксшы WBO әлем чемпионы титулы үшін міндетті кандидат болды. Өйткені дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) қазіргі америкалық чемпион Деметриус Андрадеге Жәнібек Әлімханұлымен жекпе-жек өткізіп, өз титулын қорғауды міндеттеді.
Спорт қоржынына алтын сыйлап қуантқан келесі мақтанышымыз Нилуфар Раимова. Балуан қызымыз биыл Уфада өткен күрес түрлерінен жастар арасындағы әлем чемпионатында жеңімпаз атанды. Ол ақтық сында италияндық Аврора Руссоны жеңді. Бұл жеңістің отандық спорт үшін ерекше болуының тағы бір себебі, Қазақстан аталған бәсекеде араға 13 жыл салып алтын алып отыр.
2021 жылғы Қазақстанның спорт тарихында қалатын тағы бір байрақты бәсеке Сербия астанасы Белградта өткен бокстан әлем чемпионаты. Айтулы сайыста боксшыларымыз 5 медальға қол жеткізді. Атап айтқанда, Сәкен Бибосынов пен Теміртас Жүсіпов алтын, Махмұт Сабырхан мен Серік Теміржанов күміс және Абылайхан Жүсіпов қола алды.
Өтіп бара жатқан жыл қазақстандық UFC спортшылары үшін де жемісті болды. Нақтырақ айтқанда, Дамир Исмағұлов төрешілердің шешімімен бразилиялық Рафаэль Алвестен басым түсіп, кезекті жеңісіне жетті. Сол сияқты UFC шеберлері Жалғас Жұмағұлов пен Сергей Морозов жыл ішінде екі кездесуден өткізді. Жалғас Жұмағұлов бірінші кездесуінде Джером Ривераны жеңіп, мықтылығын дәлелдей білді. Екінші кездесуінде анголалық Манел Капеге есе жіберді. Ал Сергей Морозов болса алғашқы жұдырықтасуында Хабиб Нурмагомедовтың кіші інісі Умар Нурмагомедовтен айласын асыра алмаса, екінші кездесуінде неміс UFC боксшысы Халид Тахадан жеңілді. Сонымен қатар аралас жекпе-жектен әлем чемпионы, қазақстандық Мария Агапова биыл 9 қазанда октагонға қайта оралды. Колумбиялық Сабина Мазомен жекпе-жекке шыққан жерлесіміз елге жеңіспен оралды.
Одан бөлек, кәсіби бокста отандасымыз Фируза Шәріпова жеңілістің екінші рет дәмін көрді. Ол әлем чемпионы, әзірге ешкімнен жеңіліп көрмеген ирландиялық Кэти Тейлормен рингке шыққан болатын. Жеңіліске қарамастан қазақстандық боксшы кездесуден кейін өз өнеріне риза екенін жеткізді. Оның айтуынша, титулды қорғауда дайындық уақытын шектеу кедергі келтірген.