Бұрынғы кеңшардың қат-қабат шаруасына шындалып өскен Бақыткенге мал жайы таңсық емес. Осылайша, іске білек түре кіріскен ол «Gold» шаруа қожалығын құрады. Қажетті құжаттарын реттеп «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы несие рәсімдейді. Сөйтіп қолдағы уақ мал басын көбейтуді мақсат тұтады.
— Іс бастау оңай шаруа емес. Тірліктің көзін білетін адамдармен ақылдасып, төрт түлікті өсіруге тоқталдым. Шаруашылықта негізінен уақ мал, азын-аулақ мүйізді ірі қара бар. Тұрғылықты аймақтың табиғаты мал шаруашылығына қолайлы. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауларды пайлаланып жатырмыз. Бұл өзі кәсіп бастағандарға көп көмек болады екен, — дейді ол.
Бүгінде Қараойға қарасты Ырғайлының бойын жайлаған Бақыткенге балалары мен ағайындары қолқабысын тигізуде. Қора-жайды реттеп, алдағы маусымға мал азығын жиып үлгерген. Өткен қыстағы табиғаттың тосын мінезі дала төсін қоныс еткен шаруаларға үлкен сабақ болса керек. Алдағы қысқа осы бастан қамданған шаруашылық басында қазір қызу жұмыс.
Мал шаруашылығының қыр-сырын меңгеріп, тірлікке төселіп келе жатқан шаруа қожалықтың алдағы жоспары аз емес. Мал басын көбейтіп қана қоймай, оны асылдандыру. Ол үшін тынымсыз еңбек ету қажеттігін Бақыткен Төлбайұлы жақсы түсінеді.