Мысалы, жоңышқа Байзақ және Жуалы аудандарынан жетізілсе, пішен Мойынқұм, Сарысу аудандарынан тасымалданды. Бұдан бөлек, мал азығын дайындау үшін құрылған арнайы үш бригада «Талас-2020» кооперативі мен Үшаралдағы «Бәйімбет баба», С.Шәкіров ауылына қарасты «Табыс» шаруа қожалықтарында шөп ору науқынына қатысып жинастыруға көмек қолын созды.
Талас ауданы әкімдігі ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Ауданбек Ерубайдың айтуынша, биылға 30500 мүйізді ірі қара, 350 мың қой-ешкі, 13800 бас жылқы және 2200 бас түйе қыстауларда қыстатылмақ.
Биылғы қыстың да өткен жылғыдай қатты болатындығы айтылып жүр. Синоптиктердің болжамы да төрт түлікті түгендеген шаруалардың ыңғайына келмей тұр. Бірақ төскейде қол қусырып отырған жанды кездестірмейсіз. Қыс қамымен қауырт жұмыс үстінде жүр.
Мал баққан шаруашылықтардың тірлігі ұқсас, жоспары бір. Ол — қыстан шығынсыз шығып, көкке ілігу. Бірақ, осы аралықта жүйкеге салмақ салатын, машақаты көп қанша жұмыс бар. Мұны атакәсіпті айналдырған жан жақсы түсінеді.