Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізуі бойынша қабылданған міндеттемелер шеңберінде 2060 жылға қарай Үкімет энергетика, өңдеу өнеркәсібі, ауыл және орман шаруашылығы, көлік, ТКШ және қалдықтарды кәдеге жаратуға баса назар аудара отырып, экономиканың барлық секторларында елеулі реформаларды көздейтін стратегиялық құжат әзірлеуде.
Сондай-ақ, бүгінгі таңда Аралдағы экологияны жақсарту жұмыстары аясында теңіздің құрғаған түбіне 1,1 млн га жерге сексеуіл отырғызу жалғасуда. Биыл сексеуіл егу 100 мың га алқапта, келесі 4 жылда жыл сайын 250 мың га алқапта жүргізілетін болады.
Қоқыс тастайтын жерлерді жою және оған жол бермеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда 7,3 мың полигонның 86%-ы (6,3 мың) жойылды. Рейдтік іс-шаралар жүргізілді, 17 мыңға жуық құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды.
2022 жылдан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Өскемен, Ақтөбе және Қарағанды қалаларында қоқысты қайта өңдеу зауыттарын салу жобалары іске асырыла бастайды.
Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтылды.