Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов бала санына қарамастан, барлық анаға жәрдемақы төлеу мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Онлайн брифингте журналистер қоғамда талқыланып жатқан мәселені көтерді.
«Көпбалалы отбасыларға бала санына қарамастан, 4 АЕК көлемінде жәрдемақы төлене бастағаннан кейін халық арасында тура сондай әлеуметтік көмек барлық анаға төленуі керек деген ұсыныстар айтыла бастады. Бала санына да қарамау қажет. Себебі әрбір ана баланың тәрбиесі мен оқуына көп күш салады, шығын да аз емес. Осы іспетті «балалар жәрдемақысын» енгізу жоспары жоқ па?» – деді журналистер.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновтың айтуынша, бүгінде жүктіліктен бастап бала туу мен бір жыл қарау бойынша жәрдемақы барлығына бірдей төленеді. Ал көпбалалы отбасыларға бала санына қарамастан, жәрдемақы енгізудің өзіндік себебі бар.
«Елімізде ана мен баланы қорғау бағытында қабылданған кешенді шаралар бар. Бүгінгі күні аналарға мемлекет тарапынан төлем жүктілік және босанған кезде беріледі. Сондай-ақ туғаннан кейін бала күтімі бойынша 1 жыл бойы тағайындалады. Және бұл жәрдемақы барлығына бірдей төленеді. Көпбалалы аналар мәселесіне келсек, өткен жылы 4 және одан да көп баласы бар аналарға жәрдемақы төлеу жүйесі енгізілді. Оны енгізуде екі негізгі себеп бар. Біріншіден, елімізде бала тууды ынталандыру мақсатында. Айта кетер болсақ, 2019 жылы Қазақстанда көпбалалы ана саны 252 мың болса, өткен жылы ол көрсеткіш 428 мыңға жетті. Бір жыл үшін айтарлықтай жақсы көрсеткіш. Екінші себеп, көпбалалы отбасылардың табысын арттыру мақсатында тағайындалып отыр», – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов өз жауабында.
Сондай-ақ министр аталған жәрдемақының тек көпбалалы отбасыларға арналғанын баса айтып, барлық анаға теңдей жәрдемақы төлеу министрлік жоспарында жоқ екенін жеткізді.