Павлодардағы Жастар бастамаларын дамыту орталығында аймақ басшысының қатысуымен креативті индустрия жұмыскерлерімен кездесу өтті. Аталмыш кездесуде жаңа шығармашылық орталығын ашу, креативті кәсіпкерлерді қолдау және Иманбек Зейкеновке ескерткіш орнату ұсыныcтары жасалды деп жазады Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі ресми Telegram-каналында.
Кездесу барысында павлодарлық креативті индустрия саласының жұмыскерлері өз идеяларын ортаға салды. Мәселен, Ақсу қаласының тұрғындары «Грэмми» музыкалық премиясының бір номинациясын жеңіп алған жерлесі – диджей әрі продюсер Иманбек Зейкеновтің құрметіне ескерткіш орнатуды ұсынды. Аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов бұл ұсыныс қаралатынын мәлімдеді.
Сондай-ақ, әкім жеке-дара күшімен жетістікке жеткен павлодарлықтардың табысқа жету жолы туралы фильм түсіруді ұсынды. Киноның сюжетіне Иманбек немесе өңірдің тағы бір тумасы – талантты рэппер Скриптониттің табыс жолын алуға болады дейді ол.
Кездесуде сонымен қатар облыс орталығындағы бұрынғы теміржол колледжінің базасында «Technikum» шығармашылық орталығын келесі жылы іске қосу жоспарланып отырғаны сөз етілді. Аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов атап өткендей, бұл орталыққа кез келген адам келе алады.
«Өздерінің талантымен бөліскісі келетін, бірақ қайда барарын білмейтін көп адам бар. Сондықтан біз спортпен айналысып, шығармашылық жәрмеңкелер мен шеберлік сыныптарын өткізіп, жаңа білім алуға болатын орталық ашуды шештік. Бұл орталық шығармашылық қауымдастығы бас қосып, креативті идеялар туындайтын кездесу орнына айналады деп үміттенемін. Орталықтың жобасы жақын арада мемлекеттік сараптамадан өтіп, келесі жылы оны жүзеге асыруға қажетті қаржыны бөлетін боламыз», — деді әкім.