Америка құрама штаттарының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Астық жөніндегі халықаралық кеңестің есебіне сәйкес барлық негізгі астық өндіруші елдерде бидай өндірісінің төмендеуі күтілуде. Мәселен, Канадада бидай жинау өткен жылмен салыстырғанда 34,5%-ға, Ресей Федерациясында 15%-ға, Америка Құрама Штаттарында 7%-ға төмендейді деп күтілуде.
Астық жөніндегі халықаралық кеңестің бағалауы бойынша әлемде бидай өндіру көлемі 781,7 млн. тоннаны құрайды.
Ал, бүгінгі күні Қазақстанда егін жинау жұмыстары 95% жуық орындалды. Орташа өнімділігі 9,5 ц/га болғанда, 14,3 млн тонна астық және 200 мың тоннаға жуық майлы дақыл бастырылды.
Қазақстанда дәнді дақылдар мен майлы дақылдарды жалпы жинауды 18 млн тоннаға, соның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды 16 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Биыл еліміздегі бидайға деген ішкі қажеттілік толық қамтамасыз етілді. 6-6,5 млн тоннаға жуық бидайды экспортқа шығаруға мүмкіндігіміз бар.
Жаңа маусымда дәстүрлі түрде қазақстандық бидай мен ұн Орта Азия, Иран мен Ауғанстан нарықтарына жіберілетін болады. Астық сапасының жоғары болуынан Қытайға жөнелтілетін бидай (HI-Pro) көлемі артуы мүмкін.