Мүгедек азаматтардың және оларға күтім жасайтын адамдардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және өмір сүру сапасын жақсартуға осы заң жобасының арналуы оның маңызын айғақтап отыр. Онда ерекше қажеттіліктері бар балалар мен олардың отбасыларына ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, I топтағы мүгедектерге күтім жасайтын адамдарға жәрдемақы алғаш рет енгізілді. Заң жобасында сондай-ақ қамқоршылардың еңбек өтілінде ескерілетін мерзімді ұзарту да ұсынылды.
«Бүгінгі күні «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға сәйкес жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшiн еңбек өтілін есептеу кезiнде 16 жасқа дейiнгi мүгедек баланы бағып-күткен уақыт есепке алынады. Заң жобасында еңбек өтілін есептеу уақытын 18 жасқа дейін ұзарту көзделген. Бұл шара, зейнеткерлік жасқа келген адамдарға мемлекеттік базалық зейнетақысын және жасына байланысты зейнетақы төлемін алу кезінде еңбек өтілін толық ескеруге мүмкіндік береді», — деп атап өтті сенатор Нариман Төреғалиев өз баяндамасында.
Осылайша, бүгін сенаторлар мақұлдаған әрі екінші оқылымда қарауға жіберілген заң жобасы еліміздегі 400 мыңға жуық азаматтың құқықтарын қорғауды жақсартуға мүмкіндік береді.