Бокстан әлем чемпионы Назым Қызайбай соңғы кездері ұлттық құрамада болып жатқан дау-дамайға қатысты пікір білдірді. Назымның құрамадағы қарсыласы Ангелина Лукас жақында желі арқылы үндеу жолдап, өзінің командадан қуылғанын, мұның артында Қызайбай мен оның жақтастары тұрғанын айтқан болатын. Осы оқиғадан соң Назым мен команданың бірнеше мүшесі өз шындықтарын айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
«Соңғы кезде Ангелина Лукас пен оның жеке бапкері Рахманбек Арғынбаев маған және көптеген командалас қыздарға қатысты желіде жазба жариялап, біздің ар-намысымызға нұқсан келтірді. Осыдан соң, мен де өз ойымды айтамын деп шештім. Бұған дейін мұның бәрі ұжымның ішінде қалсын, тоқтайтын шығар деп ойлағанмын. Алайда, олар тынышталмады. Ангелина Лукас пен бапкері біраздан бері команданың тынышын кетірді. Олар біздер туралы түрлі алып-қашпа әңгімелер таратып, жеке өмірімізге нұқсат келтірді.
Ол бірнеше рет сыртымнан жала жауып, мен жайлы ақылға қонымсыз нәрселерді бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап келді. Бізді базадан қашып кетті, шетелдегі жарыс кезінде көшеге шығып, коронавирус жұқтырды деп айыптаған да солар. Ал негізінде шетелдегі жарыста ПТР тесті оң нәтиже көрсеткен бас бапкер мен оның көмекшісі еді. Менің Лукас пен бапкеріне қарсы петиция жазғаным рас.
30 боксшының ішінде 22-і мені қолдады. Бұған себеп — Ангелина мен оның бапкерінің біз жататын бөлмеге белгісіз химикатты сеуіп кеткені. Бұл біздің өміріміз үшін қауіпті. Ертең ол менің тамағыма допинг салып жібермесіне кім кепіл?»,- дейді Назым.
Сондай-ақ, команда мүшесі Балауса Мұздиманова да Ангелина Лукас пен жеке бапкерінің тарапынан қоқын-лоққы көп болатынын мәлімдеді.
«Мен петицияға өз еркіммен қол қойдым. Себебі, Ангелинаның бапкері менің спорттан тыс өмірімді видеоға түсіріп алып, «сен анда жүрсің, сен мында жүрсің, басшыларға көрсетем» деумен болды. Ал бөлмемізге белгісіз зат сеуіп кеткені, тіпті, қорқынышты. Ертең біздің тамағымызға бірдеңе сеуіп кетсе қайтеміз? Ол командадағы атмосфераны бұзып отыр», — дейді Балауса.
Айта кетелік, Назым Қызайбай мен Ангелина Лукастың арасындағы дауға Олимпиада чемпиондары Бақтияр Артаев пен Бақыт Сәрсекбаев та араласуда.