Маңғыстау облысында 22 cынып карантинге жабылды деп хабарлайды Хабар 24 арнасы.
Телеарна мәліметінше, коронавирус жұқтырған оқушылардың көбі Ақтау қаласының мектептерінде тіркеліп отыр. Мұнда 7 оқушы ауырып, емделіп жатыр. Ал Түпқараған мен Бейнеу аудандарында 5, Жаңаөзенде – 4, Қарақияда 1 бала вирус жұқтырған. Олардың сыныптастары да 14 күнге оқшауланып, қашықтан білім алуға көшті. Қазіргі кезде өңірде 350 оқушы онлайн оқып жатыр. Айта кету керек, денсаулық сақтау министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, Маңғыстау облысы әлі де «қызыл аймақта». Тек соңғы бір аптада өңірде 948 адамнан коронавирус анықталды.
«Коронавируспен 22 оқушы тіркелді. Олардың бәрі жаңа оқу жылы басталмай тұрып жұқтырған. Үй ошағы мен орын бойынша жақын қарым-қатынаста болған адамдар саны 331 екені анықталды. Жалпы Маңғыстау облысы бойынша 147 мектеп бар. Офлайн оқу форматында 167255 оқушы білім алуда», — деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев.