Тіркеу науқаны кезінде азаматтар өзі тұратын аумақтағы мемлекеттік қана емес, жекеменшік клиникаларға да тіркеле алады. Биыл науқан барысында емхана ауыстырған азаматтар өзі таңдаған емдеу мекемесінің қызметін 2022 жылдан бастап пайдаланады. Бірақ емхана ауыстыру міндетті емес. Бұрынғы емхана қызметіне көңілі толатын азаматтар әрі қарай да сол клиниканың қызметін пайдалана берсе болады.
Емхана екі жағдайда өзін таңдаған азаматты тіркемеуі мүмкін. Біріншісі – азамат емхана көмек көрсете алатын аумақтан айтарлықтай алыс жерде тұрса, екіншісі – мекемеге тіркелушілер саны шектен асса. Қолданыстағы нормативке сәйкес, учаскедегі жалпы тәжірибе дәрігеріне тіркелетін адам саны 1 700-ден аспауы тиіс. Сондықтан емхананы таңдаған кезде мыналарды ескеру керек:
Бірінші кезекте таңдаған емханаңыз міндетті түрде медициналық қордың негізгі базасына тіркелген болуы тиіс. Себебі, осы базаға тіркелген ұйымдар ғана болашақта екі пакет бойынша азаматтарға жоспарлы, керек жағдайда төтенше көмек көрсете алады. Екіншіден, азаматтар өзі таңдаған мекеменің тұратын жеріне қаншалықты жақын екенін ескеруі керек. Бұл дәрігерлердің тұрғылықты мекенжай бойынша бара алуы үшін маңызды. Әсіресе, коронавирус пандемиясы кезінде.
Биыл денсаулық сақтау министрінің 28-шілдедегі бұйрығы негізінде емханаға тіркеу тәртібіне өзгерістер енгізілген еді. Жаңа бұйрыққа сәйкес, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден келген еңбек мигранттары емханаға тіркелу үшін ерікті медициналық сақтандыру полисін сатып алуы тиіс.
Олар тіркелу үшін емхананың тіркеу бөліміне барып өтініш жазады. Мекеменің медициналық сақтандыру қорына тіркелген-тіркелмегенін www.fms.kz ресми сайтына кіріп, қарауға болады.