Қызылорда облысы Арал ауданындағы «Аралтұз» акционерлік қоғамы жұмысшыларының жалақы көтеру жөніндегі ұсынысы қолдау тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Аралтұз» АҚ басшылығы өндірістік қызметкерлер жалақысын 22,5 пайызға көтеру туралы шешім қабылдады. Қазіргі таңда компания жұмысы толық жанданды. Қыркүйек айының алғашқы күнінде акционерлік қоғамда жұмысшылары жалақыны 50% -100% көтеру жөнінде ұсыныс білдірді. 2014 жылдан бастап қызметкерлер жалақысы 6 есе өскен.
Сондай-ақ, 2021 жылдың 1 наурызында жалақыны 10% — ға арттыру туралы шешім қабылдады. Кәсіпорын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналарды өтеу туралы міндеттемені өзіне алды. Компания пандемия кезінде жұмыс орындарын қысқартқан жоқ. Оған қоса қызметкерлерді ақысыз демалысқа жібермеген санаулы компанияның бірі.
«Компания басшылығы кәсіподақ пен қызметкерлер өтінішін қарастырды. Сондай-ақ күрделі жалпы экономикалық жағдайды ескере отырып, 1 қыркүйектен бастап өндірістік қызметкерлердің жалақысын тағы 22,5% — ға арттыру туралы шешім қабылдады.
Сонымен қатар, жыл қорытындысы бойынша өндіріс жоспарын орындағаны үшін ұжымның жұмысын қолдау және ынталандыру шарасы ретінде әрбір қызметкерге қосымша сыйақы белгілеу тапсырылды.
Бүгін компанияның бүкіл қызметкерлері өз міндеттерін орындауға кірісті. Кәсіпорынның жұмысы толық қалпына келтірілді», — деп мәлім етті «Аралтұз» акционерлік қоғамынан.