Мемлекат басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес бүгін Ауғанстаннан 35 қандасымыздың тарихи отанына оралуы ұйымдастырылды деп хабарлайды еліміздің Сыртқы істер министрлігі ресми Telegarm-каналында.
Ведомствоның мәліметінше, Қорғаныс министрлігінің арнайы ұшағы Кабулдан Алматы қаласының әуежайына 41 жолаушымен ұшып келген. Олардың ішінде 35 этникалық қазақтан бөлек, Қазақстанның 4 азаматы, Қырғызстанның 1 азаматы және Қазақстанда тұрақты тұратын 1 ауған азаматы бар.
Келген жолаушылар карантиннен өту үшін уақытша оқшауланған. «Эвакуациялық рейсті ұйымдастыру «Талибан» қозғалысымен үйлестіріліп жүзеге асырылды. Қазақстанның Кабулдағы Елшілігі қалыпты режимде жұмыс істейді және Ауғанстанда тұратын қандастармен тұрақты байланыста. Өтініш берушілердің этникалық сәйкестігін растау және қандастарды қайтару жұмыстары жалғасуда», — дейді Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан 18 тамызда Ауғанстаннан өзінің 25 азаматын және Қырғызстан, Ресей мен Литваның 16 азаматын эвакуациялаған болатын. Одан бөлек, Алматыға Кабулдан Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі БҰҰ Миссиясы (UNAMA) және басқа да халықаралық ұйымдардың кеңселері уақытша көшірілген еді.