Таразда тойхана иелері мен жұмысшылары тойға рұқсат беруді талап етті. Олар екі жылдан бері табысынан қағылғанын айтып, жанайқайын жеткізді деп хабарлайды Астана арнасы.
Бір емес үш тойхананың алдына жиналған кәсіпкерлер, жұмыс істеуге рұқсат берсін деп талап қойып отыр. Ең болмағанда ашық қосымшасы арқылы кіргізсе дейді. Себебі екі жылдан бері коммуналдық төлемдерге шығындалып жатқанын қоспағанда, алған несиені жабудың өзі қазір қиынға соғып отыр екен.
«Шынын айтқанда күн көрісіміз қиындап кетті. Үкіметтен сұрайтынымыз тойға, тойханаға рұқсат берсін. Көп адам болмаса да 100-150 адамға рұқсат берсін», — дейді наразылық білдірушілер.
Наразы топтың жиналғанын естіген шенеуніктер шу шыққан жерге жедел жеткен. Қала әкімінің бір емес екі бірдей орынбасары келіп, тойхана иелерін сабырға шақырған.
«Заң аясында жұмыс істеуге деген құлшыныстарыңызды көріп, естіп тұрмыз. Ойларыңыз, арыздарыңыз облыс, министрлік басшылығына, еліміздің басшыларына жеткізіледі», — дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Сәдубаев. Әкімдік шаһардағы 74 мейрамхана қожайындарының арызы мен ұсыныстарын мемлекеттік санитарлық дәрігерге жолдайтынын айтып, уәде еткен.
Ал тойхана иелері той бизнесіне қойылатын шектеулер тыйылмаса, облыс әкімдігі ғимаратының алдына барып қонатындарын айтып отыр.