Отандық әнші Қуандық Рахымға Ақтөбенің жігіттері бағалы сыйлық жасады. Олар өнер иесіне BMW автокөлігін сыйға тартып, қуантып қойды деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Бұл туралы Қуандық Рахымның өзі Instagram желісіндегі парақшасында хабарлады. Айтуынша, көлікті оған Мәди есімді жігіт сыйға тартқан. «Бар екен ғой, тірі екен ғой жігіттер! Алла разы болсын, бауырым, тойың құтты болсын!!! Бақытты бол!», — деп жазды өнер иесі. Әншінің қуанғанын көріп, барша оқырмандары да оған тілектестік білдіріп, қуанышына ортақтасты.
«Құтты болсын! Лайықсыз!», «Мәди Ақтөбенің керемет жігіттерінің бірі. Қолы ашық, жомарт жігіт. Алла разы болсын. Мәди жарайсың, тойың құтты болсын!», «Өнер иесіне осындай сый-құрмет көрсетіп жатқан жігіттерге алғыс!», — деп пікір білдірді желі қолданушылары.
Айта кету керек, ел алдында жүрген азаматтарға бағалы сыйлық тарту ету үрдісі бұрыннан бар. Мәселен, бұған дейін «Уақыт көрсетеді», «Ит өмір» жобаларымен танылған Нұрсейіт Жылқышыбай белгілі отандық бизнесменнен сыйлық алған еді. Қайырымдылық жобаларына жиі атсалысатын кәсіпкер Көңілбай Шүкенов журналистке 22 миллион теңгенің көлігін мінгізген.
Бұдан бөлек, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, дзюдошы Елдос Сметовке де Ақтаудағы жанкүйерлері ерекше сый жасады. Жергілікті бизнесмендер Сметовке Ақтау қаласынан пәтер және қымбат қонақүйдің қасынан жер телімін берді.