Өзбекстан шекараға жақын маңда лагерь құрып, 150-ге жуық ауған босқынын орналастырды. Оның ішінде 17 әйел мен бала бар деп хабарлайды Sputnik Өзбекстан жағдайдан хабардар дереккөзге сілтеме жасап.
Оның сөзінше, лагерьде күзет пен медицина қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Орналасар алдында босқындардың бәрі коронавирус инфекциясына тексерілген. Ауру жұқтырғандар анықталмаған.
Сонымен қатар, ол босқындарға дұрыс тамақтануы үшін жағдай жасылып, қажеттілік құралдары ұсынылып жатқанын атап өткен. Адамдардың лагерьде қанша уақыт болатыны және алдағы тағдыры әлі белгісіз.
Одан бөлек, дереккөздің мәліметінше, Өзбекстанға ұшақпен келген ауған әскерінің 650 әскери қызметкері жергілікті әскери полигонға жақын жердегі ковид-орталыққа жатқызылған.
Айта кетейік, осыған дейін Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі 15 тамызға қараған түні Хайратон көпірі арқылы он шақты ауған азаматы өзбек шекарасын кесіп өтпек болғанын хабарлаған еді.
Олар ұсталып, жарақат алған азаматтарға алғашқы көмек көрсетілген. Ал қалғандарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тамақ беріліп, артынша өз еліне жіберілген. Еске сала кетейік, 15 тамыз күні «Талибан» Ауғанстан астанасы — Кабулды ұрыссыз бағындырды.
Ауғанстан президенті Ашраф Гани Кабулға тәліптердің енуіне байланысты президенттік өкілеттігін тоқтатып, елден кетті. Гани мұндай шешімді Кабулда «қантөгісті болдырмау» үшін қабылдағанын жазды. Айтуынша, «Талибан» өзін ел басшылығынан кетіру үшін осындай әрекетке баруға дайын болған.
Ал елдің вице-президенті Амрулла Салех елде қалғанын мәлімдеді. Twitter-дегі парақшасында ол ешқашан «Талибан» содырларының алдында бас имейтінін жазды. Сонымен бірге, Амрулла Салех өзін елдің уақытша басшысы деп жариялап, тәлібтерге қарсы тұруға шақырды.