Қазақстандық боксшы Сәкен Бибосыновтың жеке бапкері Мырзағали Айтжанов испаниялық Габриэль Эскобар Маскунаноға қарсы жекпе-жек туралы пікір білдірді Prosports.kz.
«Олимпиададағы әрбір жеңіс — қандай қиын болмасын жеңіс. Мұнымен қанағат тұтып қалмау керек. Алдыға жылжу керек. Бүгін кем-кетік жерлер, қателіктер болды. Бірінші раундтан соң сәл босаңсып, екінші раундта қолын түсіріп, аяқпен қимылдамады. Енді мұндай қателік жібермейді деп сенеміз. Жартылай финалдағы қарсыласына тыңғылықты дайындаймыз», — дейді Мырзағали Айтжанов.
Оның сөзінше, Сәкен Бибосынов екінші раундта көп қателескен. «Рингті сезіну керек. Боксшылар мықты не әлсіз болсын, шаршы алаңда бәрі бірдей. Барлық боксшы бар күш-жігерін салады. Жеңілгенде «бұлай жұдырықтасқанда ғой» деп айтамыз. Бірақ қарсыласы оған мүмкіндік бермейді. Мықты спортшылардың өзі қателік жібереді», — дейді ол.
Сөз соңында былғары қолғап шеберінің бапкері жартылай финалға өткен шәкіртіне қандай кеңес бергенін атап өтті. «Не үшін келдің деп сұрадым. Екінші раундта тең түстің, үшінші раунд шешуші кезең. Керек болса «қазақша» төбелес, ара-қашықты ұстап, аяқты қимылдат дедім. Керек жерде төбелес, ұр дедік, жұлып ал дедік», — дейді Мырзағали Айтжанов.
Айта кетейік, Сәкен Бибосынов бүгін өткен ширек финалда испаниялық Габриэль Эскобармен кездесіп, 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Кейін ол бүгінгі жекпе-жекке қатысты пікір білдіріп, екінші раундтан соң бапкерінің айтқан сөздері намысын оятқанын жеткізген еді.