Президент тапсырмасына сай, Жамбыл облысы әкімінің өкімімен өңірдегі басқарма басшысы Қaйрат Досаев қызметінен босатылды деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Қайрат Досаев 2019 жылы Тараз қаласы әкімінің қызметінен босатылғаннан кейін сол жылы 20 желтоқсанында Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы – бас мемлекеттік еңбек инспекторы қызметіне тағайындалған болатын.
Ал 2021 жылы 30 шілдесінде аталмыш лауазымынан босатылып, Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болып тағайындалған еді.
Алайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа 2019 жылы жұмысында едәуір олқылықтарға жол беріп, қызметінен босатылған Қайрат Досаевты әкімдіктің басқарма басшысы етіп тағайындағаны үшін сөгіс жариялады.
Сонымен қатар, өңір басшысына бір тәулік ішінде кадрлық қателігін түзетуге тапсырма берді.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай, 2021 жылы 3 тамызда Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Қайрат Досаев қызметінен босатылды», — дейді Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.