Отандық теннисші Ярослава Шведова Токио Олимпидасындағы алғашқы ойынын жалғастырудан бас тартқан болатын. Спортшы неліктен бұндай қадамға барғанын көпшілікке түсіндірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
«Ойыннан бас тартқым келген жоқ. Матчты соңына дейін жеткізуді ойладым. Алайда, өкінішке орай есеп 3:2 болған уақытта өзімді нашар сезіне бастадым. Алдымен жүрегім айныды. Артынан ауа жетпей, тұншықтым. Содан кейін дірілдей бастадым да, жерге отыра кеттім. Үзіліс он минутқа жалғасты. Олар мені орындыққа алып барып, қайта қалпыма келуге әрекет жасады. Дәрігер мен төреші тезірек шешім қабылдауымды сұрады. Өйткені ойынды жалғастыру керек еді. Мен болсам, ойынды әрі қарай жалғастыра алмайтынымды түсіндім. Жағдайым одан сайын нашарлады», — деді Ярослава Шведова Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Айта кетейік, осыған дейін Зарина Диас пен Юлия Путинцева да ойынды жалғастырудан бас тартқан еді.