Бұл оқиға туралы бейнежазбалар алдымен әлеуметтік желілерде тараған болатын. Видеодан жол шетінде қатты зақымданған кроссовер мен оқиға орнында жұмыс істеп жатқан полиция қызметкерлерін көруге болады.
Жетісу облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, адам өліміне әкелген жол апатына байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды.
«Алдын ала мәлімет бойынша, Kia Sportage көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қарсы бағыттағы жолаққа шығып кеткен. Соның салдарынан ол Toyota Highlander көлігімен соқтығысқан. Артынша сол бағытта келе жатқан Lexus GS300 автокөлігімен де соқтығыс болған. Жол апаты салдарынан Kia Sportage көлігінің жүргізушісі мен оның екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Тағы алты адам түрлі жарақат алып, медициналық мекемелерге жеткізілді»,- делінген ведомство ақпаратында.
Оқиға орнында құқық қорғау органдарының қызметкерлері жұмысын жалғастырып жатыр. Апаттың нақты себептері мен барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Фото: Azattyq-ruhy.kz



