— Былтырғы жылдың желтоқсан айында Түркістан қалалық балалар ауруханасында жаңа оңалту орталығы ашылды. Одан бөлек, 2 «Қамқорлық» орталығы қызмет көрсетеді. Сонымен қатар Жетісай аудандық Асықата ауруханасының базасында ерте араласу орталығын ашу жоспарланып отыр, — дейді Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев.
Жалпы алғанда Түркістан облысында ерекше білім беруді қажет ететін балалардың ішінде мүгедектігі бар бала саны 20 мыңнан асады. Өкінішке қарай, олардың саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2022 жылмен салыстырғанда мүгедектігі бар балалар саны бүгінде 612-ге көбейген.
Дегенмен мүгедектігі бар жандарды әлеуметтік қолдау, оңалту, біліммен қамту бағытында бірқатар жұмыс атқарылып келе жатқанымен, бұл салада әлі де күлбілтелі мәселелер баршылық. Айталық, арнайы оңалту орталықтары жетіспейді, инклюзивті білім беруге бейімделген мектептер мен балабақшалар саны аз, логопед, әлеуметтік қызметтерге қолжетімділік біркелкі емес, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға көрсетілетін қолдау жеткіліксіз. Бірқатар емханада педиатр-дәрігерлер штатының қысқартылуы да ерекше күтімді қажет ететін балаларға елеулі қиындық тудырып отыр. Көптеген балабақша ауыр диагнозы бар балаларды қабылдамайды. Өңірдегі аудан-қалалардың көпшілігінде мүгедектігі бар балаларға арналған арнайы балабақшалар мүлде жоқ. 2025–2026 оқу жылында ерекше білім беруді қажет ететін 20 805 баланың шамамен 5 мыңы инклюзивті сыныптарда білім алса, 3104 бала жеке үйде оқытумен қамтылған.
Осы орайда қоғам қайраткері Ұласбек Сәдібеков мұндай балалармен жұмыс істеу ерекше кәсіби дайындық пен шыдамдылықты талап ететіндіктен, мұғалімдер мен арнайы мамандардың еңбекақысын арттыру мәселесін қарастыру қажет деп санайды.
— Көптеген ата-ана балаларына қажетті ем-шараларды алу үшін жекеменшік оңалту орталықтарына жүгінуге мәжбүр. Балаларға күнделікті массаж, логопедиялық көмек, адаптивті, емдік денешынықтыру мамандарының қызметі қажет. Аймақта мұндай қызмет көрсететін мемлекеттік мекемелер болғанымен, олардың саны өте аз әрі кезек күту мерзімі жылдарға созылып кетеді. Бұдан бөлек, мүгедектігі бар тұрғындарды күтушілерге, яғни күнделікті күтім жасайтын адамдарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауды күшейту маңызды. Қазіргі кезде мүгедектігі бар адам ауруханаға жатса немесе санаторийлік-курорттық ем қабылдау кезінде күтушілерге қатысты нақты әлеуметтік кепілдіктер толық қарастырылмайды. Кей жағдайларда күтуші бірге ем қабылдағанымен, оның жалақысы қысқарып кететін жағдайлар кездеседі. Бұл мәселе тек Түркістан облысына тән емес, республика көлемінде өзекті әлеуметтік мәселе болып отыр, — дейді Ұласбек Сәдібеков.
Бүгіндеөңірде 18 инклюзивті қолдау кабинеті жұмыс істейді. 2025–2026 оқу жылы жалпы орта мектептерде инклюзивті білім алумен 4 890 бала, мектепке дейінгі мекемеде 1 492 бала қамтылған. Облыстағы жалпы білім беретін мектептердің саны – 940. Оның ішінде инклюзивті білім беруге жағдай жасалған мектептердің саны – 874, бұл – жалпы мектептердің 93%-ы. Мектепке дейінгі мекемелер саны – 264. Оның ішінде инклюзивті білім беруге жағдай жасалған мектепке дейінгі мекемелер – 170 (64,4%). Сондай-ақ облыста 16 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру мекемелері, 17 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 8 арнайы мектеп-интернат бар. Оның ішінде ерекше білім беруді қажет ететін мектепке дейінгі жастағы балаларды қамтитын 2 арнайы балабақша-мектеп-интернат кешені жұмыс істейді. Қазірде облыс көлеміндегі жалпы білім ұйымдарында 688 арнайы педагог қызмет атқарады.
Орайы келгенде айта кетейік, денсаулық сақтау саласында – 2025 жылдан бастап медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдары базасында 6 жасқа дейінгі балаларды қамтитын, ерте жастағы балалардың дамуындағы бұзылыстарды уақтылы анықтауға бағытталған 372 даму және ерте араласу орталығы іске қосылды. Бұл – жоспарланған санның 57%-ы. Орталықтарда 72 мыңнан астам бала кеңес алған. Вице-премьердің мәліметіне қарағанда, алдағы уақытта орталықтар санын 655-ке дейін ұлғайту арқылы қамту көрсеткішін 100%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Қазірде балаларға медициналық оңалту көмегін көрсететін 81 медициналық оңалту орталығы, 20 ерте араласу орталығы (3 жасқа дейінгі балалар үшін) жұмыс істейді, оның ішінде республикалық деңгейдегі 3 орталық, 6 ауданаралық медициналық оңалту орталығы бар.
Фото: Aikyn.kz



