Бұл акцияның мақсаты – өмірге араша түсетін донорлықты насихаттау, қан тапшылығының алдын алу және көмекке мұқтаж жандарға үміт сыйлау болды.
Ауруханада «Ерікті донор» қайырымдылық акциясында 105 адам қан тапсырды. Акцияға қатысушылардың қатарында бұған дейін де бірнеше рет қан тапсырған қызметкерлер мен тұрғындар, алғаш рет қолға алған донорлар да бар.
Расында еліміздің әрбір тұрғыны қан тапсыруды өзіне азаматтық парыз деп санаса, сан мыңдаған науқас ауруынан айығып, аяғына нық тұрар еді. Әрі қан тапсырған адамның қан айналу және иммундық жүйесі жақсарады. Сонымен жүйелі қан тапсыру жүрек-тамыр жүйесін нығайтып, ағзаның өзін-өзі жаңарту қызметін қамтамасыз етеді.
Қанды кез келген дені сау, 18 жастан асқан, салмағы кем дегенде 50 кг болатын адам тапсыра алады.
Дәл осылайша Сайрам көпбейінді аудандық орталық ауруханасында қан тапсыру және донор болуды насихаттауға бағытталған арнайы іс-шара өткізілді. Шараның басты мақсаты – донорлықтың маңызын түсіндіру, қан тапсыру мәдениетін қалыптастыру және адам өмірін сақтап қалуға үлес қосу. Донор болу – өзгеге өмір сыйлаудың, мейірім мен жанашырлықтың жарқын көрінісі. Қан тапсыру арқылы әр адам мұқтаж жандарға үміт сыйлап, олардың сауығып кетуіне өз үлесін қоса алады. Донорлық – қоғамдағы жауапкершілік пен адамгершіліктің маңызды белгісі. Бір адамның тапсырған қаны бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға себеп болуы мүмкін.
Ал, Ордабасы көпбейінді аудандық орталық ауруханасында тәжірибе алмасу мақсатында тізе буынын эндопротездеу бойынша мастер- класс ұйымдастырылды. Іс-шараға Жетісу облысы, Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының ортопед-травматолог дәрігері Арман Байболов, Түркістан облыстық клиникалық аурухананың штаттан тыс ортопед-травматолог дәрігері Нұрбол Сахов және облыстық клиникалық аурухананың ортопед-травматолог дәрігері Сауранбек Сағымбеков қатысып, Ордабасы көпбейінді аудандық орталық ауруханасының дәрігерлерімен бірлесіп тізе буынына эндопротездеу отасын сәтті жасады.
Мастер-класс барысында әріптестер өзара тәжірибе алмасып, заманауи хирургиялық әдістер мен емдеу тәсілдерін талқылады. Мұндай тәжірибелік кездесулер дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттырып, тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Тағы бір айтары, «Арнайы күтім қажет ететін нәрестелер» бөлімінде мейірбикелерге арналған «нәрестелердегі ерте сепсис» белгілерін уақтылы анықтау, бағалау және алғашқы іс-әрекет алгоритмдері бойынша оқу-әдістемелік сабақ өткізілді.
Оқыту барысында нәрестелердегі ерте сепсистің қауіп факторлары, клиникалық белгілері, өмірлік маңызды көрсеткіштерді бақылау, инфекциялық бақылау қағидалары, диагностикалық қырағылық және дәрігерге жедел хабарлау алгоритмі жан-жақты қарастырылды.
Сонымен қатар, патологиясы бар нәрестелерге күтім көрсететін мейірбикелер үшін шала туған және ауыр халдегі нәрестелерді күту ерекшеліктері, терморежимді сақтау, тиімді тамақтандыруды ұйымдастыру, тыныс алу қызметін бақылау, гипогликемия мен гипотермияның алдын алу, веналық қолжетімділіктерді күту, медициналық жабдықтарды қауіпсіз пайдалану және инфекциялық қауіпсіздік талаптары бойынша қосымша тәжірибелік оқыту өткізілді.
Келес аудандық ауруханасы базасында да медицина қызметкерлеріне арналған «Конго-Қырым қанды қызбасы» тақырыбында семинар ұйымдастырылды.
Семинар барысында Келес аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысы Н. Слан және Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары аса қауіпті инфекциялардың бірі – Конго-Қырым қанды қызбасының эпидемиологиялық жағдайы, жұғу жолдары, клиникалық белгілері, алдын алу шаралары және медициналық қызметкерлердің сақтық алгоритмдері туралы жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Семинардың мақсаты – медицина қызметкерлерінің кәсіби білімін жетілдіру, аурудың ерте анықталуын қамтамасыз ету және инфекцияның таралуының алдын алу бойынша дайындық деңгейін арттыру.
Іс-шара соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алып, тәжірибелік ұсыныстармен бөлісті.
Фото: BAQ.KZ



